НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым — Sputnik. 1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал 2007 жылдың 4 маусымынан бастап, қазақстандықтар бұл күнді мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекелей бастады.
Мемлекеттік рәміздер мемлекеттің мызғымас негіздерінің бір бөлігі болып саналады.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге қол жеткізді
Тәуелсіздігін енді алған Қазақстан үшін рәміздерді қабылдау жеңіл болмады. Сондықтан дайындық жұмыстары мұқият жүргізілді. 1992 жылдың басында жоғарғы кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Нәтижесінде арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Осылайша, елтаңба, ту және әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды.
Мемлекеттік рәміздерді кімдер жасады
Рәміздер жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық конкурсына 1200 өтінім түскен. Сондай-ақ бұл байқауда болашақ елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі әрі әнұранның 750 нұсқасы ұсынылды.
1992 жылы өткен шығармашылық конкурста суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту жеңіп шықты. Ал тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі болып саналады.
Тағы оқыңыз: Елтаңбадағы "Қазақстан" жазуы латын графикасына өзгертілді
Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Шығармашылық конкурс аясында Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Нәтижесінде Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұраны музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, әнұранның үздік мәтініне жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы елімізде жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" әні таңдалып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Ал 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Мемлекеттік рәміздер туралы" Жарлыққа тиісті түзету енгізіліп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.