НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Инге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан сізге және Дунай өзеніндегі кеме апаты салдарынан жақындарынан айрылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл достас Корея Республикасы халқына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарын сабырға шақырып, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Дунай өзеніндегі апат
Сәрсенбі күні Будапешт орталығында Дунай өзенінде Sigyn круиздік кемесімен соқтығысқан серуен қайығы батып кетті. Қайықта Оңтүстік Кореяның 33 турисі мен екі экипаж мүшесі болған еді.
Төтенше оқиға салдарынан жеті адам қаза тапты, 20 адам із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында.
Оқиғаның видеосы кейінірек Желіде жарияланды.
Полиция 64 жастағы Sigyn капитанын ұстаған.