Қоғам

Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Қазақстаннан кетті

© Sputnik / Тимур БатыршинСайрагүл Сауытбай
Сайрагүл Сауытбай  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Этникалық қазақтың күйеуі мен екі баласы Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған, туристік виза арқылы кетіпті

НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Қытайдан атажұртына қашып келген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға ұшып кетті. Бұл туралы қандасымыздың адвокаты Айман Омарова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Сайрагүл Швецияға ұшып кетті. Бұл бізге үн қатқан алғашқы мемлекет болды. Мен көптеген елге жүгіндім. Осы оқиғаға назар аударуға көмектескен әлемдік БАҚ-қа алғыс айтамын. Мен елдерден ғана емес, халықаралық ұйымдардан да көмек сұрадым, себебі жағдай ушығып бара жатқан еді", - деді адвокат Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Омарованың айтуынша, Швеция Сайрагүлге жол жүру билетін берген.

"Бұл саяси пана емес, ол бұл жерде босқын мәртебесін алған жоқ. Швецияға барған соң, әрі қарай не істейтінін шешеді", - деді ол.

Тағы оқыңыз: Сайрагүл Сауытбайға сот үкімі шықты

Ел билігі Сайрагүл Сауытбайдың отбасымен бірге Швецияға кетуіне тосқауыл болмаған. Этникалық қазақтың күйеуі мен екі баласы Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған, туристік виза арқылы кетіпті.

Сондай-ақ, Айман Омарова Сауытбайға босқын мәртебесін беру туралы іс ұзаққа созылып кеткенін атап өтті. Сондықтан, қандасымыз істің соңын күтпей, басқа елден пана тапқан.

Тағы оқыңыз: Сайрагүлдің соты Қытаймен арақатынасымызға салқынын тигізбей ме? Министрдің жауабы

Десе де, іс өндірісі тоқтаған жоқ, сотта Сауытбайдың мүддесін Айман Омарова қорғайды.

Сайрагүл Сауытбайдың ісі

Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың мамырында отбасымен қауышу үшін Қытайдан қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен еді.

Тағы оқыңыз: Сәуле Әбединова: Сайрагүл Сауытбайдан саясаткер жасаудың қажеті жоқ

Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай ұл-қызымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келуді жоспарлаған. Алайда Сайрагүл Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істегендіктен, оған "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Қытай оны тарихи отанына жібермеу үшін төлқұжатын тартып алады. Осылайша, қазақ келіншегі Қытайда қалып, ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алып, атажұртқа оралады.

Тағы оқыңыз: Сайрагүл Сауытбай: Қатты қиналғанда қолымдағы "Алла" жазуы анық көрініп тұрады

2018 жылдың 1 тамызында Алматы облысының Панфилов аудандық соты этникалық қазақты 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады.

Сайрагүл Сауытбайға "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілді, алайда "босқын" мәртебесі берілмеді.

Жаңалықтар
0