НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз атындағы университеттің үздік түлектеріне диплом тапсыру кезінде қазіргі қызметі туралы айтып, шетелге демалысқа да шыққысы келмейтінін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір мен Елбасы ретінде басқа өзіме жүктелген шараларды орындау барысында көп нәрсені ойға алып жүрмін. Сол ойлағанымды тұжырымдап, елге қызмет ету жағдайын қарастырып жатырмын", - деді Назарбаев.
Домалақ ана кесенесінің шырақшысы киелі жердің қасиеті туралы айтып берді
Тұңғыш президент осы уақытқа дейін шетелдің барлық жерін аралап шыққанын атап өтті. Енді еш жерге шыққысы келмейді.
"Мен – дүниенің барлық мемлекетін аралаған адаммын. Өз өмірімде 200-ге жуық президентпен кездестім. Премьерлер, ғалымдар, неше түрлі саясаткерлермен кездестім. Дүниенің барлық "әдемі" дейтін жерінде болдым. Шынымды айтсам, соның бәрін аралағаннан кейін Қазақстаннан басқа жерге барғым келмейді. Демалысқа да барғым келмейді. Қазір өзімізде бәрі бар", - деп атап көрсетті Назарбаев.
Оның айтуынша, теңіз іздеген адамға Каспийге баруға болады. Қазіргі кезде ол жақта үлкен кешен салынып жатыр. Негізгі мақсат – ірі туристік орталық жасау.
"Аталған кешен ешқайсынан кем болмайды. Бізде Алакөл де, Бурабай да дайындалып жатыр. Алматы облысында тау шаңғысымен демалатын жерлер ашылып жатыр. Барлығы бар. Елімізді көркейте берсек, туристік нысандарды аша беретін болсақ, біз емес, бізге келетін болады. Біздің арманымыз сол", - дейді Елбасы.