НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік аренада беделі бар ұйым екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Лукашенко ЕАЭО ішінде тауар айналымын өсіру қарқыны бәсеңдеп, ал үшінші елдермен, керісінше, ұлғайып бара жатқаны алаңдататынын жеткізді.
Тағы оқыңыз: Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы қашан өтеді?
"Біз халықты жұмыспен қамту мәселесін бақылауға алдық. Өзара есеп айырысуда ұлттық валютаны қолдану артып келеді. Мұның бәрі одақ қатысушыларының келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізуде өз позицияларын біртіндеп жақындатып, даму процестерін үйлестіріп отырғанын білдіреді. Мұндай тәжірибені ортақ салалық стратегиялар қалыптастыруда – өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда қолдануымыз керек", - деді Беларусь президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік аренада беделі бар ұйым екенін атап өтті.
"Бізбен ынтымақтасқысы келмейді дегенді жиі естіп те, айтып та жүрміз. Кейбірі көре алмайды, біреулер қорқады, бәсекелестік бар. Мұның бәрі табиғи құбылыс. Бірақ бізді көзге ілмей жүре де алмайды", - деді Лукашенко.
Ол қазір басқа елдермен, өңірлік бірлестіктермен және халықаралық құрылымдармен диалог жалғасып жатқанын айтты. Десек те, оның айтуынша, Еуразия құрлығындағы экономикалық интеграцияның жүйе құраушы бірлестігі ретінде ЕАЭО-ға оң көзқарас күшейіп келе жатыр.
Тағы оқыңыз: Назарбаев ЕАЭО саммитінде: сіздерге пайдамды тигізуге тырысамын
"Күн тәртібі жаңа бағыттармен толығуда. Біз цифрлық трансформацияға көштік, нақты секторда трансшекаралық байланысты жандандыруға кірістік, инновациялық және интеграциялық жобаларды жүзеге асыру тетіктерін жасадық. Осының барлығы біздің ынтымақтастығымыздың маңызды перспективті сегменттері", - деді Лукашенко.
Беларусь президенті ортақ нарық құру, капитал, тауар, жұмыс пен қызметтің еркін қозғалысын қамтамасыз ету бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы орындау қажеттігін қадап айтты.