Саясат

Назарбаевқа өмірлік мәртебе беруді Түркия президенті ұсынды – Түркі кеңесі

© Photo : Официальный сайт президента РКНұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Ердоған
Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Ердоған - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлемін жақындастыруға және түркі ұйымдарын құруға қосқан зор үлесін ескерген

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы Құрметті президенті мәртебесі ресми түрде қазан айында Түркі кеңесінің жетінші саммитінде беріледі. 

"Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті және негізін салушы, Қазақстан мемлекеттілігі мен елдің өңірлік держава және халықаралық аренада салмақты ойыншы ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарған, сондай-ақ Түркі әлемін біріктіруге орасан үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің өмір бойғы Құрметті президенті мәртебесі берілді", - делінген Түркі кеңесінің мәлімдемесінде.

Бұл бастаманы Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған ұсынған. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың 1990 жылдардың басынан бері Түркі әлемін жақындастыруға және түркі ұйымдары – Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы және Түркі академиясын құруға қосқан зор үлесін ескеріп, Ердоғанның бастамасына қолдау білдірді.

Бұдан бөлек, Түркия президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің өмір бойғы Құрметті президенті мәртебесін беру рәсімін биыл қазан айында Баку қаласында болатын Түркі кеңесінің жетінші саммиті кезінде өткізуді ұсынды.

Тағы оқыңыз: Ұстауға және қамауға болмайды: Назарбаев пен отбасы қандай кепілдікке ие?

"Президент Назарбаев Түркі кеңесі құрылуының басы-қасында болды. Ол 1992 жылдан бері мемлекет басшыларының барлық 15 саммитіне қатысты. Сонымен қатар Түркі кеңесі мен басқа түркі ынтымақтастығы ұйымдарының көптеген жобасы мен идеясының бастамашысы", - деп хабарлайды Түркі кеңесі.

Айта кетсек, 24 мамырда Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен кездескен еді. Кездесуде Чавушоглу Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін жеткізді.

Жаңалықтар
0