НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Мұсылманша ат қоюдың өзіндік ерекшеліктері бар. Жаңа туған сәбиге Алланың есімдері мен пайғамбарлардың есімін қою ұсынылады. Ислам дінінде жақсы мағына беретін ат қою құпталады. Мағынасыз есімнен аулақ болу керек.
"Жақсылыққа жориды"
Алайда балаға Алланың көркем есімін беруге болмайтыны ескертіледі. Ол үшін есімнің алдына "Абд" қосымшасын қою керек. "Абд" мағынасы — "құл" дегенді білдіреді. Мәселен, Абдулкарим болса — Жомарттың құлы, Абдурахман — аса мейірімдінің құлы және т.б.
Тағы оқыңыз: Мұсылманша есімдер немесе ат қою кезінде нені ескеру керек?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, әсіресе, Рамазан айында туған сәбилерге мұсылманша ат қойылады. Олардың арасында Рамазан есімі көш бастап тұр.
"Халқымыз әр нәрсені жақсылыққа жориды ғой. Сондықтан қасиетті айда дүниеге келген перзенттерін, негізінен, Рамазан, Ораз, Оразалы, Оразбек, Оразбай, Оразай, Оразғали, Мұхаммед, Оразмұхамед, Мүсілім деп қояды. Бұл есімдер әрі діни, әрі дәстүрлі есімдер қатарында", - дейді ол.
Ал қыздарға Әмина, Зейнеп, Мәриям, Зере, Айзере деген есім беріледі. Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, осы есімдер алғашқы бестікке кіреді екен.
"Мешітке арнайы келіп, баланың құлағына азан шақырып, атын қоятындар да бар. Бұл көрсеткіш Рамазан айында көбейе түседі. Имамды үйіне шақырып, ас беретіндер бар. Астан кейінгі рәсімде баланың құлағына азан шақыртып, есім қоятын жағдайлар жиі болады", - деді Ағабек Қонарбайұлы Sputnik Қазақстанға.
"Басымды кесіп алса да, атын Рамазан қоямын"
Еліміздегі танымал тұлғалардың арасында да есімдері қасиетті айдың құрметіне қойылған азаматтар бар. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Рамазан Стамғазиев солардың бірі. Ол 1967 жылы 3 мамырда Алматы облысы Райымбек ауылында туған. Бұл қасиетті Рамазан айының бірінші күні болыпты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Мен туған кезде ауылымызда дінін де, дәстүрін де жоғалтпай ұстаған ата-әжелеріміз, ақсақалдарымыз, дәстүр, салтты білетін адамдар болған. Сол қариялардың бірі - менің Әйімхан деген әжем еді. Ауылдың ақсақалдары жиналған кезде, әжем: "Басымды кесіп алса да, тілімді кесіп алса да, баланың атын Рамазан қоямын", - депті. Өйткені елдің бәрі ораза тұтып, Құдайға құлшылық етіп жатқан уақыт болған екен. Әжем ұсынысын ортаға салып, содан азан шақырып, менің атымды Рамазан деп қойған", - дейді танымал әнші.
Тағы оқыңыз: Қазақтың танымал тұлғаларының есімі қандай мағынаны білдіреді?
Ол бұл уақытта ораза тұту ерлікпен тең болғанын атап өтті. Өйткені Рамазан айында ауыз бекітуге тыйым салынатын.
"7-8 жасымда сол әжем марқұм есік-терезелердің бәрін жауып қойып, ораза тұтып отыратын. Таңертең дастарқанға қант қоятын, азды-көп тәтті тағам болатын. Біз де бірге отырып, шай ішкен кездеріміз әлі есімде", - деді Стамғазиев.
Рамазан Стамғазиев өзі де соңғы 20 жылдан бері қасиетті Рамазан айында ауыз бекітеді екен.