НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы халықаралық ұйымдар мен шет елдердің байқаушыларын аккредиттеу мәселесін қарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комиссия мүшесі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, осы уақытқа дейін 125 байқаушы аккредитациядан өткен болатын. Соның ішінде 109 адам ТМД мен ТМД парламентаралық ассамблеясынан, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросынан, сондай-ақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымының атынан келеді. Қалған 16 байқаушы – Армения, Грузия, Болгария, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей мен Түркияның сайлау органдарының өкілдері.
Тағы оқыңыз: Кандидаттар арасындағы теледебаттың қашан өтетіні белгілі болды
"Сыртқы істер министрлігінен тағы бірқатар миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түсті. Оның ішінде 63 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламентаралық ассамблеясынан, 24 байқаушы Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан, 19 байқаушы ТМД елдерінен және 10 байқаушы түркітілдес елдердің парламентаралық ассамблеясынан келеді. Сонадй-ақ, Әзербайжан, Беларусь, Латвия және Моңғолиядан 7 байқаушы ұсынылып отыр", - деді Баймолдина.
Осылайша, бүгінгі отырыста тағы 123 байқаушыны аккредиттеу мәселесі қаралды. Комиссия мүшелері қаулыны бірауыздан қолдады. Бұған дейін аккредитация алғандарды санағанда байқаушылардың жалпы саны 248-ге жетті. Ұсыныстардың түсуіне қарай аталған тізім 3 маусымға дейін жаңартылатын болады.
Президент сайлауы
9 маусымда өтетін президент сайлауына 12 067 475 бюллетень дайындалады.
Кандидаттар сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып енгізіледі. Осыған сәйкес, кандидаттар бюллетенде мынадай тәртіппен көрсетіледі:
- Ахметбеков Жамбыл Әужанұлы;
- Еспаева Дания Мәдиқызы;
- Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы;
- Рақымбеков Төлеутай Сатайұлы;
- Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы;
- Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы;
- Түгел Сәді-Бек.