Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыспауы мүмкін

CC0 / pixabay.com / Көрермен залы
Көрермен залы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Теледебат өтетін күні Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді, оған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекет басшылары қатысады

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы теледебаттың неге 29 мамыр, яғни Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтетін күнге белгіленгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Баспасөз мәслихатында журналистер Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыспауы мүмкін деген мәселенің шетін шығарды. Себебі ол күні Нұр-Сұлтанда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Оған Қазақстанның президенті де қатысады.

"Мен өзім сайлау мәселесімен айналысып, ондай үлкен шараның өтетінін білмей қалдым. Бірақ бәріңіз жақсы білесіздер, үгіт-насихат кезеңі қысқа. Ал сайлауға дейін сан алуан шаралар өте береді. Сондықтан теледебаттың күні заң аясында белгіленді деп ойлаймын. Енді, оның уақыты белгіленеді. Сөйтіп, сайлауалды пікірталасты өткізетін боламыз", - деп жауап берді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ляззат Сүлеймен.

Теледебат тікелей эфирде өте ме?

Айта кетейік, бүгін орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың арасындағы теледебаттың күнін белгіледі. Аталған шара 29 мамыр күні "Хабар" телеарнасында өтеді. Уақыты әлі белгісіз. Пікірталас тікелей эфирде бола ма, жоқ па, ол жағы да беймәлім.

"Хабар" агенттігі" АҚ басқарма басшының орынбасары Ринат Кертаевтың айтуынша, аталған мәселе жақын арада анықталады.

"Бізде сан алуан пікірсайыстар мен ток-шоуларды өткізіп жүрген кәсіби мамандар бар. Олармен ақылдаса отырып, тиімді бір ұсыныс жасайтын боламыз", - дейді Кертаев.

Тағы оқыңыз: Әлеуметтік желіде сайлауға қатысты сауалнама жүргізгендер жазаланды

Қатысушыларға қандай талаптар қойылады

Комиссия мүшесі Ляззат Сүлеймен теледебат кезінде заң бойынша айтылған сөздердің барлығы халыққа көрсетіледі деп отыр.

"Теледебат, кем дегенде, 80 минутқа жалғасады. Кандидаттардың барлығына тең уақыт беріледі. Қатысушылар пікірталастарды өткізу регламентін сақтауға, басқа қатысушылардың атына кемсітетін айыптаулардан, көрінеу, жалған, абырой мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айтудан аулақ болуға, пікірсайысты әдеп нормалары шеңберінде өткізуге тиіс. Тәртіп бұзушылықтар болса, теледебатты тоқтатуға болады. Сондай жолдары бар...", - дейді Сүлеймен.

Теледебаттың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық басымдықтары жайында айтылады. Одан кейін сұрақ-жауап үлгісінде пікірсайыс сессиясы болады. Ал дебаттың соңында кандидаттар өз үндеулерін жариялай алады. Тәртіп бойынша кандидаттардың штабынан пікірталасқа екі адам қатыса алады.

Жаңалықтар
0