Қоғам

Перуашев жемқорларды елден шығаруға тыйым салуды ұсынды

© Sputnik / Абзал Калиев депутат Азат Перуашев
 депутат Азат Перуашев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттар жемқорларға, тіпті жазасын өтесе де, ұрлаған ақшаны толығымен қайтарғанға дейін елден кетуге тыйым салуды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жемқорлық қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Перуашев депутаттық сауалын премьер-министр мен бас прокурорға жолдады. Депутат сыбайлас жемқорлық қазіргі Қазақстанның басты проблемасы екенін қадап айтты.

Тағы оқыңыз: Тоқаев жемқорлық туралы: мемлекеттік орган басшылары отставкаға кетуі керек

"Global Financial Integrity" халықаралық сарапшыларының мәліметінше, 167 миллиард доллардан астам қаржы Қазақстаннан заңсыз түрде оффшорға шығарылған. Басқаша айтсақ, жемқорлар тәуелсіздік жылдарында ел қазынасына мұнайды сатудан түскен қаражаттан екі есе көп ақшаны ұрлады", - деді ол.
Оның айтуынша, дәл осы себептен қарапайым халықтың тұрмысы жақсармай отыр. Өйткені ЖІӨ-нің көп бөлігі ұрлануда.

Перуашев жуырда Қазақстанға қайтарылған 180 миллион теңге жоғалтқан ақшамен салыстыруға келмейтін нәтиже екенін атап өтті.

"Сондықтан ұрланған ақшаны қайтару ғана емес, заңсыз капиталды шетелге шығаруға тосқауыл қою да маңызды міндетке айналып отыр. Себебі жемқорлар жымқырған ақшаны шетелге жасырып үлгеруге тырысады. Тіпті сотталып жатса да, бір-бір жарым жылдан кейін мерзімінен бұрын босап шығып, шетелге кетіп, сондағы капиталына өмір сүруді ойлап жатады", - деді мәжілімен.

Айтуынша, жемқорлардың мұндай арам пиғылын алғаш болып Батыс елдері әшкерелеген. Осыған байланысты, мәселен, АҚШ-тың бірқатар штатында жемқорлық үшін 10-15 жылға сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Мұндай норма жуырда Беларусьта та қабылданыпты. Ресейдің мемлекеттік думасына да осындай заң жобасы енгізілген екен.

"Тек Қазақстанда ғана қыруар қаржы ұрланып, жымқырылса да, ұзақ мерзімге сотталғандар айғай-шусыз, тыныш қана босатылып жатады", - деді мәжілісмен.

Тағы оқыңыз: Полицейлер мен жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің текетіресі немен аяқталды?

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары "ізгілендіруді" желеу етіп жемқорларды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу керек деп санайды.

Бұған қоса, депутаттар сотталған жемқорларға, тіпті жазасын өтесе де, ұрлаған ақшаны толығымен қайтарғанға дейін елден кетуге тыйым салуды ұсынды.

Сонымен қатар, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде үкімет мүшелері, ұлттық компания басшыларының шетелдегі шоттарына қатысты банк құпиясы принципін алып тастауды тағы бір мәрте ұсынды.

Жаңалықтар
0