НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр — Sputnik. Халық арасында "Күміс бала" атанып кеткен Әділбек Ниязымбетов өзінің боксқа қалай келгенін және бұл спорт түрінен неге бас тартқанын айтты.
"Күміс баланың" боксқа келуі
"Ақтау қаласында 2002 жылдан бері бокспен айналыса бастадым. Әкем кезінде спортшы болған. Ол балаларым чемпион болсын деп, ағам екеуімізді түрлі спорт үйірмелеріне апарып жүрді. Футбол, баскетбол, күреске қатыстық. Сосын келіп, боксқа тоқталдық. Марат Жәкиев жеке бапкерім болды. Бокске 13 жасымда келдім. 16 жыл бокс саласында жүрдім", - деді Ниязымбетов "Қарақатпен шай" бағдарламасына берген сұқбатында.
Ол әкесімен бірге бокс үйірмесіне алғаш барған сәтті еске түсірді.
"Менің әкем боксқа бергенде бапкеріме: баламның сүйегі менікі, еті сенікі деп айтқан. Ол кісі боксқа келіп, жаттығуға араласқан емес. Бапкеріме тапсырды. Ал менің бапкерім істегені екінің бірінің қолынан келе бермейді. Маған өзінің баласы сияқты қарады. Былай қарағанда, екінші әкем ғой" ,- дейді ол.
Тағы оқыңыз: Өткен жылы карьерасын аяқтаған қазақстандық танымал 10 спортшы
Әділбек бір сұқбатында Токиодағы олимпиададан кейін боксты доғарамын деген болатын. Алайда ол бұл спорт түріндегі карьерасына былтыр нүкте қойды. Ниязымбетов мұндай шешімді неге ерте қабылдағанын түсіндірді.
"Жас кезде темір көтердік. Қиын жаттығулар жасадық. Осының бәрінің белімізге әсері болды, денсаулығым сыр бере бастады. Бокс федерациясы мені Корея еліне жіберген. Жарық ауруына (грыжа) операция жасауға тура келді. Дәрігерлер боксты ары қарай жалғастыру өте қиын болатынын айтты" , - дейді спортшы.
"Бапкер болу оңай емес..."
Ниязымбетов бокстан кейін қандай іспен айналысатынын әлі нақты шешпегенін де айтып кетті. Бірақ бапкерлік жолды таңдамайтыны анық.
"Бапкер болу оңай шаруа емес. Үлкен жұмыс. Өзіңіздің балаңызды қалай тәрбиелейсіз, спортшыға солай қарау керек. Мен басқа балаға өз күшімді бере алмаймын. Өйткені күшімді өз-өзіме жұмсап тастадым.Талай жарыстарға шықтым. Бір жұмыс, бір саладан шаршап кетесің ғой. Әзірге қандай салада болатыным белгісіз. Бірақ бокс саласында емес. Бокстан көңілім қалған жоқ. Бірақ бапкер болмаймын дегенді айтқым келіп отыр. Бірақ әрдайым ақыл-кеңесімді айтып отырамын", - деді олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері.
Ниязымбетов өзінің полиция лейтенанты атағын қалай алғанын да айтып берді.
"Олимпиадаға қатысып, топ жарған спортшыларды сондай тізімге енгізіп қояды. Бұл өте жақсы. Спортты қойған кезде үлкен көмегі тиеді. Құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге байланысты ұсыныстар түсті. Бірақ бас тарттым. Басқа жұмыспен айналысқаным дұрыс деп ойлаймын", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Данияр Елеусінов Головкинмен арадағы дауға нүкте қойды
Токио олимпиадасында кім топ жарады?
Ниязымбетов бір жылдан соң болатын олимпиада ойындарында кімнің топ жаруы мүмкін екеніне қатысты болжамымен бөлісті. Жүлделі оралады дегендерді атады.
"Біздің құрама командада 10 салмақта 10 боксшымыз бар. 56 келі салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев, 64 келіде Төлтаев Санатәлі, 69 келіде Асланбек Шынбергенов, Абылайхан Жүсіпов, 75 -те Ерік Әлжанов , 81-де Бек Нұрмағамбетов , 91 келіде Василий Левит, ең ауыр салмақ дәрежесінде құраманың капитаны - Қамшыбек Қоңқабаев бар. Осы жігіттерден үміт күтуге болады. Олар олимпиада ойындарында үздіктер қатарынан көрінеді деген сенім бар", - дейді спортшы.
Боксшының жеке өмірі
Ниязымбетовтың бір ағасы мен екі қарындасы бар. Бойдақ жігіт неге үйленбейсің, болашақ жарыңа қандай талап қоясың деген сауалдарды жиі естиді. Бұл жолы да қысқа жауап қайырды.
"Ең бастысы, үлкендерді, әке-шешемді сыйлауы керек. Иманды, ибалы болуы керек деп ойлаймын. Бірақ әлі таппадым. Мүмкін көрмей жүрген шығармын. Әйел адамның жолы - күйеуінің көңілінен шығу. Күйеуі жақсы табыс табатын болса, әйел адамға жұмыс істеудің не керегі бар? Әке-шешемнің разылығынан шықса, сол кісілер мәз болса, көмегін тигізсе, соның өзі жеткілікті деп ойлаймын", - деді Ниязымбетов.
"Оның бәрі - сатқындық"
Сұқбат барысында Қарақат Ниязымбетовтен адамдардың сені сатып кеткен кезі болды ма, сатқындықты кешіре аласыз ба деп сұрады.
"Мұндай жағдай болды. Еркектің бір сөзінде тұрмай, алдап кететін, оның бәрі - сатқындық. Кешіре алмаймын. Мұсылман мұсылманға кешірімді болуы керек дейді. Бірақ ол адамды мен кешірсем, ол тағы басқа адамдарды алдайды. Ол ісін тоқтатпайды деп ойлаймын. Сондықтан мен ондай адамды кешіре алмаймын", - деді.
Алдағы жоспары
Ал мұсылманның қанша парызын өтеп жүрсіз деп сұраған көрермен сауалына:
"Бес уақыт намазымды оқимын. Алдамаймын, өтірік айтпаймын. Тек Меккеге барып көрмедік деп ойлаймын. Жалпы жоспарда бар, әрине", - деп жауап берді.
Жуырда астанаға көшіп келген боксшы алдағы уақытта Америка немесе Англияда білімін шыңдауды жоспарлап отыр екен.