Қоғам

Аян Дүйсенбаев жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуПортфель
Портфель - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Атқа мінемін деп басы дауға қалған генерал жұмыстан босатылса да, ішкі істер органдары қатарынан шығарылған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди атқа мінген генералды ішкі істер органдарының қатарынан шығаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Дүйсенбаев қандай қызметке тағайындалады

"Оны жұмыстан босатты. Бірақ ішкі істер органдары қатарынан шығарған жоқ. Себебі жазаның бірнеше түрі бар. Мәселен, оны жұмыстан босатса, кейін тек дәрежесі төмен қызметке ғана тұрғызуға рұқсат бар", - деді Калайчиди журналистерге берген сұқбатында.

Тағы оқыңыз: Атышулы генерал тойына бір топ басшыны ертіп апарған

Дүйсенбаевтың генерал-майор шенін тек сот арқылы ғана алып қоюға болады. Ондай жаза, көбінесе, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қолданылады. Ал министрлік Дүйсенбаевқа қатысты шені жағынан төмендету жазасын қолданса, заң бойынша оны алты айдан кейін қайтаруға міндетті. Сол себепті полицияның экс-басшысын жұмыстан босату туралы шешім қабылданды.

"Енді, ол резервте емес, министрліктің "қарауында" отыр. Бұл – екі бөлек нәрсе. Резервте тұрғандар жоғары лауазымға тағайындалады. Ал екінші топқа жазаға ұшырағандар кіреді. Олар тек дәрежесі төмен қызметтерге ғана тағайындалады", - деп атап өтті Калайчиди.

Айта кетсек, бүгін министрлік қызметтік тексерістің нәтижесін жариялады. Атырау облыстық полициясының бұрынғы басшысы Аян Дүйсенбаев қызметтік тәртіпті бұзған. Ол жұмысын тастап, генерал-майор шенін алуға орай туған ауылында жасалған тойға барған. Өзімен бірге басқа әріптестерін де ертіп апарды. 

Тағы оқыңыз: Ақтөбеде сыйлық алған сот хатшысы өзіне қол салды

"11 мамырда күшейтілген режим болды. Соған қарамастан, Дүйсенбаев Атырау қаласынан кетіп қалған. Қызметтік көлікпен туған ауылына шығып кетті. Оған қоса, екінші қызметтік көлікпен басқа басшыларды да алып барды. Ол генерал-майор шенін алуына байланысты тойдың ұйымдастырылып жатқанын білген ", - дейді Калайчиди.

Дүйсенбаев туралы не білеміз

Атырау облысының полиция департаментінің бұрынғы басшысы,  полиция генерал-майоры Аян Дүйсенбаев 1966 жылы дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Әр жылдары Атырау облысы ішкі істер басқармасының "Арлан" арнайы бөлімшесінің командирі, ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы қызметін атқарды. Өңірдің полиция департаменті басшысы болып 2016 жылдың тамызында тағайындалған.

Жаңалықтар
0