НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Осы жылдың 4 айы ішінде елімізде 29 мыңнан аса шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қаңтар-сәуір аралығында 29 мыңнан аса шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 28 мыңнан астамы ТМД, қалғаны алыс шетел елдерінің азаматтары. Сот шешімімен 3449 шетелдік елден қуылды", - деді Сейітжанов ішкі министрлігінде өткен брифингте.
Тағы оқыңыз: Шетелдіктер Қазақстанда теракт дайынады: арнайы операцияның видеосы шықты
Оның айтуынша, жауапқа тартылған шетелдіктер көбіне тіркеуден мерзімінде шықпағаны немесе мүлде тіркеуге тұрмағаны үшін, құжат мерзімі өтіп кеткені үшін жауапкершілікке тартылған. Кейбірі елге қыдырып келіп, бірақ жұмыс істеуге қалып қойған.
"Әсіресе көршілес Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей азаматтары заңды жиі бұзады", - деді ол.
Көші-қон заңнамасын бұзғандар ел аумағынан шығарылмас бұрын басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.