НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр — Sputnik. Алматы марафоны кезінде "Шындықтан қаша алмайсың" деген плакатпен көшеге шыққан белсенділердің бірі Бейбарыс Толымбековты әскерге алып кетті. Бұл туралы құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль Facebook парақшасында хабарлады.
Қорғаныс министрлігі Sputnik Қазақстанға хабарлағандай, плакатқа қатысты оқиғадан бұрын Толымбеков өз еркімен жергілікті әскери басқармаға келіп, борышын өтуге ниет білдіріпті. Алайда ұсталғаннан кейін әскери қызметін өтеуді кейінге қалдыруды сұрап өтініш жазған, бірақ бұл өтініші қабылданбады.
"Заңды негізі жоқ болғандықтан, алматылық белсенді Бейбарыс Толымбековтың әскери борышын өтеу мерзімі кейінге шегерілген жоқ. Медициналық комиссия оның әскери қызметке жарамды екенін растады. Толымбеков әскери борышын өтеуге шақырылды", - деп хабарлады қорғаныс ведомствосы.
Әскери борышын өтеу мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі Қазақстан заңнамасының 35-бабына сәйкес беріледі.
"Заң бойынша сот ісіне байланысты уақыт кейінге шегерілмейді, ал ол емделуі тиіс екенін растайтын медициналық анықтама ұсынған жоқ", - деп атап өтті Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы Амантай Өсербаев.
Тағы оқыңыз: Плакат үшін темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан белсенді аштық жариялады
Өсербаев атап өткендей, әр жас жігіттің аз болса да әскери білім алғаны жөн.
"Отанымызға қауіп төнгенде аз да болса әскери тәжірибесі бар адамдар елімізді қорғауы тиіс. Әр сарбаз әскери борышын өтеу кезінде сондай тәжірибе алады", - деп ойын түйіндеді Өсербаев.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Толымбеков Отар әскери бөлімшесіне борышын өтеуге жіберілді.
"Шындықтан қаша алмайсың" плакатына қатысты оқиға
Айта кетсек, 21 сәуірде Алматыдағы ірі марафон кезінде белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков әл-Фараби даңғылына "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менің таңдауым бар) деп жазылған плакатты алып шығып, іліп қойды. Сол үшін екеуі де 15 тәулікке қамауға алынды.
Тағы оқыңыз: Министр Алматы марафонында ұсталғандарға қатысты түсініктеме берді
Абақтыға түскендер апелляциялық шағым түсірсе де, 22 сәуірде сот шешімі өзгеріссіз қалған.
Қамауға алу мерзімі 6 мамыр күні таңертең аяқталуы тиіс еді, алайда Әсия мен Бейбарысты бір күн бұрын босатты.