НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Экологиялық ұйымдар қауымдастығының президиум төрайымы Әлия Назарбаева қазіргі жастардың мінезіне қатысты пікір білдірді. Осы орайда ол адамдардың экологиялық мәдениетін көтеру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі жастар қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеу мен қайта өңдеу саласындағы өзекті мәселелерді көтеруге қорықпайды және өз ойларын ашық айтады.
"Мен қазіргі жастардың энергиясы мен шығармашылығына қайран қаламын. Олар экология мәселелеріне қатысты өз ойларын ашық айтып, құрдастарын тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолында белсенді болуға үндеп отырады", - деді Назарбаева XII Астана экономикалық форумының арнайы сессиясында.
Қауымдастық басшысының сөзіне қарағанда, бүгінде әлем бойынша сапалы білім алып жүрген адамдар көбейіп келеді. Алайда экологиялық жағдай жақсарып жатқан жоқ. Оның ойынша, білімді адамдармен бірге экологиялық мәдениетін көрсете алатын адамдар да болуы қажет.
Сессияға қатысқандар білім беру кезінде адам құндылықтарына басымдық беру керектігін ерекше атап өтті. Ал жұмыс берушілер, еңбек биржалары мен филантроптар жұмысшылар үшін экологиялық жағынан қауіпсіз жағдай жасау мәселесіне баса назар аударуы шарт. Соның арқасында энергия мен шикізатты тиімді пайдалануға, сондай-ақ, қоршаған ортаға шығарылатын қауіпті заттарды азайтуға мүмкіндік бар.