Экономика

"Миллиондаған адам кәсібін ауыстырады" Назарбаев болжам жасады

© Sputnik / Абзал КалиевНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев   - Sputnik Қазақстан
Жазылу
 Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдық тәжірибесімен бөлісіп, экономикалық болжамын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. XII Астана экономикалық форумында әлемдік экономиканың проблемалары талқыға салынбақ. Осы орайда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Міне, 30 жылдан бері, сонау кеңестік кезеңнен бастап мен Қазақстанды басқардым. Осы уақыттың ішінде көптеген мемлекет басшысымен кездестім. Әрине, біраз тәжірибе жинақталды. Осыған байланысты өз көзарасымды жеткізгім келіп отыр", - деді Назарбаев XII Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде халық санының өсуі экономиканың дамуына айтарлықтай әсер етпейді. Аталған фактор бәсеңдеп келеді. Бірінші орынға еңбек өнімділігі шығып отыр. Мәселен, соңғы 50 жылдың ішінде дамыған мемлекеттерде ішкі жалпы өнімнің үштен бірі ғана халық санының өсуі арқасында көтерілді. Қалғаны еңбек өнімділігінің үлесінде. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы көрсеткішті жақсарта алатын мемлекеттер бәсекеге қабілетті бола алады.

"Екіншіден, цифрлық технологиялар экономикаға қатысты біздің бүгінгі көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп отыр. Мәселен, Apple, Google, Microsoft Amazon сияқты компаниялар дәстүрлі және инвестициялық компанияларды ығыстырып отыр. Олардың жалпы құны 3,5 триллион долларды құрап отыр. Аталған көрсеткіш кейбір дамыған елдердің ішкі жалпы өнімімен бірдей болып тұр. Мәселен, Германияның ішкі жалпы өнімі 3,6 триллионды құрайды", - деп атап көрсетті тұңғыш президент.

Үшінші басымдық – ол адам капиталы. Бүгінде мобильді және креативті адам капиталы ғана кез келген экономиканы табысқа жеткізе алады. Ал қалыпты функцияларды автоманттандыруға болады. Қазірдің өзінде әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының жартысын автоматты режимге ауыстыруға мүмкіндік бар.

"Осы орайда бір маңызды мәселені атап өткен жөн. 2030 жылға қарай әлем бойынша, шамамен, 375 миллион адамға, яғни барлық жұмыс күшінің 14 процентіне қайта даярлаудан өтіп, өз кәсібін ауыстыруға тура келеді. Ал жаңа технологиялар кейбір мамандықтарды ысырып тастайды", - деді Назарбаев.

Төртіншіден, ірі қалалардың экономикалық әсері арта түседі. Бүгінде әлем бойынша 4 миллиардтан астам адам қалалық жерде тұрады. Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқы екі есеге өседі. Ал инвестициялар мемлекетке емес, қалаға құйылады.

"Қазақстан да әлемдік урбанизация үдерісінен тыс қалып отырған жоқ. Бізде халықтың 40 проценті ауылда тұрса да, жартысы қалада жұмыс істейді. Бүгінде үш ірі қаламыз бар. Елордамыз 20 жылдың ішінде 1,2 миллион халқы бар қалаға айналды. Алматының халқы 2 миллионнан асты. Былтыр оларға Шымкент қосылды. Енді, тағы екі қаланы осы деңгейге көтеріп жатырмыз. Аталған қалалар магнит сияқты халықты тартып, білім мен технологиялардың ошағына айналады. Қазақстандағы қалалардың табысы еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекелестігін күшейтеді", - деп түйіндеді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаңалықтар
0