НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр — Sputnik. Талдықорғанда балабақшаның екінші қабатынан құлап кеткен қызға қатысты тың деректер шықты. Желіде видеобақылау камерасының жазбасы жарияланды.
Видеода "Қарлығаш" балабақшасының қызметкері қызды көтеріп, ашық тұрған терезенің алдындағы тақтайға тұрғызады. Тәрбиеші оның жанына тағы бір баланы алып келеді. Олар терезенің алдына сыймай, бірін-бірі итере бастайды да, қыз москит торына сүйенеді. Тор салмақты көтере алмай, баламен бірге сыртқа түсіп кетеді.
Екі сәби мен бір бойжеткен көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті
Ғимараттың сыртындағы камерадан түсірілген тағы бір жазбада қыздың екінші қабаттан құлаған сәті көрінеді.
Кеше Талдықорған полициясының өкілдері баланың құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қыз облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.