НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр — Sputnik. Алматыдағы №180 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары сабақ беруді уақытша тоқтатып, шу шығарды. 3 мың баланы оқытатын мұғалімдердің шыдамы шегіне жеткен. Олардың сөзінше, мектеп директоры Ләззат Дәулетбек үлкен-кіші демей, ауыр сөз айтып, ар-намыстарына тиеді екен.
Оқу жылы аяқталар тұста ұстаздар басшының жұмыстан кетуін талап етті, деп хабарлады КТК.
Еңбек өтілі 30-35 жылдан асқан ұстаздар мұндай сұмдықты көрмедік деп шошып отыр.
"Жаңа директор келгеннен бері біздің адамгершілік құқығымыз аяққа тапталып жатыр", - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақыт Самылтырова.
Университет бітіріп келген жас мамандарға тіптен қиын. Сын садағына жиі ілігетін де солар. Ауруы жанына батса да, жиналысқа қатысуға мәжбүрлейді екен.
Күләш Шәмшидинова өзін алаңдатқан мәселеге үкіметтен қолдау көрсетуді сұрады
"Менің басымды кене шағып алды. Басым ісіп, бастығымыздың алдына барған кезде "басымды қатырмашы" деді. Сосын ауруханаға кешігіп бардым. Үлгере алмай қалдым", - деп күйінді өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Жұлдыз Жаппарханова.
Қарсы келгендердің ізіне түсіп, қудалайды. Кейбірінің сағатын тартып алғандықтан ұстаздар бір-бірімен араз. Ал, еден жууушыларға тіптен күн жоқ. Мардымсыз айлық алатындар күніне 12 сағат жұмыс істеп, қақаған суықта сенбілікке де шығады.
"40 градус аязда даланы жуғызды. Ауырып қалдық. "Апай болмайды ғой десек" ауыздарыңды жап деді. "Неге мен 63 мың алуым керекпін?"десем, "Заң бойынша солай. Істесең істе, істемесең кет" деді. Мен қыстың күні қайда барам?", - дейді еден жуушы Әлия Смағұлова.
Бір ғимаратта отыратын Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы директордың дөрекі әрекетінен бейхабар. Ұстаздарға дауыс көтергенін мүлдем көрмедім деп шаң жуытар емес.
5 жыл бұрын ашылған мектепте 180 ұстаз еңбек етеді. Ал, директордың алдағы тағдыры беймәлім. Ұстаздардың арызынан кейін бұл іске қазір қалалық және аудандық білім басқармасының өкілдері араласты. Алдағы 2 аптаның ішінде мұғалімдердің шағымы жеке-жеке қаралады. Осыдан кейін комиссия мектеп директоры Ләззат Дәулетбекке қатысты нақты шешім шығарады.