НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттар өз бағдарламаларын жариялады. Аталған құжаттарда экономика мен әлеуметтік саясат мәселелері қайталанса, басқа салаларда тың идеялар жоқ емес, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сәдібек Түгел өлім жазасын енгізуді қалайды
"Ұлы Дала Қырандары" қоғамдық бірлестігінің кандидаты Сәдібек Түгел халықтың мүддесін қорғап, Ұлы дала мәдениетін жаңғыртуға сөз беріп отыр. Оның сайлауалды бағдарламасы төрт бағыттан тұрады. Олар – идеология, әлеуметтік саясат, адал саясат пен әлеуметтік жауапты экономика.
"Біздің негізгі міндетіміз – халықтың өмір сапасын жоғарылату, егде жастағы адамдарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, жастарымызды рухани күшейту. Бай мемлекетте кедейлер болмау керек! Билік пен мемлекеттік меншікті халыққа беру керек!", - дейді Түгел.
Бұдан бөлек, президенттікке кандидат көп балалы аналарға жәрдемақыны екі есеге ұлғайтып, жастарға қолжетімді баспана беруді көздейді.
Кандидат адал саясатты Конституцияны өзгертуден бастау қажет деп санайды. Сосын сайлау заңнамасына түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
"Ауыл, аудан, облыс әкімдерін халық сайлауы керек. Оларға сайлау мерзімі үш жыл! "Билер сотын" енгізу керек. Бүкіл соттардың құрамы да тек сайлану арқылы бекітілуі тиіс. Сот практикасына қайтадан өлім жазасын енгізу қажет деп ойлаймын. Сонда жемқорларды, педофилдерді өлім жазасына кесу керек!", - деп атап көрсетті Түгел.
Кандидат депутаттардың барлық жеңілдігін алып тастауға мүдделі. Ал парламенттің өзі бір палаталы болу керек дейді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгертіп, Семей және Жезқазған аймақтарын қайта облыс етіп құру мәселесін көтеріп отыр.
"Семей аймағына Ұлы ойшыл данамыз Абайдың, Жезқазған облысына Ұлытау есімін беру. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысына – Абылайханның, Павлодар облысына – Кенесарының атын беру!", - делінген кандидаттың сайлауалды бағдарламасында.
Жамбыл Ахметбеков ұрланған ақшаны қайтармақ
Ал Қазақстанның коммунистік халық партиясының атынан шығып отырған Жамбыл Ахметбековтың сайлауалды тұғырнамасы бес басымдыққа негізделген.
- Батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту!
- Барлық қашқын олигархтарды сотқа тарту!
- Кедейлікпен күрес!
- Көрші елдермен экономикалық интеграция!
- Әділетті салық салуды енгізу!
Халық коммунистері Батыстың ақшаға табынушылық дәстүрі біздің Отанымыз үшін қауіпті деп отыр. Ал кандидаттың өзі ұрланған ақшаны қайтаруға мүдделі.
"Президенттікке үміткер ретінде мен бізден ұрланған капиталдарды халыққа, Отанға қайтаруға мемлекет пен қоғамның бар күшін салатын уақыт жетті деп мәлімдеймін. Халықтың ақшасы халық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс", - дейді Ахметбеков.
Бұдан бөлек, кандидат кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдап, байлардың салығын арттыру қажет деп санайды.
"Қазақстанда ауқатты және өте ауқатты адамдардың саны өте көп. Мұнымен қатар кедейлік шегінде немесе оған жақын деңгейде өмір сүретін адамдардың саны артып келеді. Қазақстанның салық салу жүйесі байлар үшін елімізді жұмаққа айналдырып отыр. Бұл – әділетсіз!"-деп атап көрсетті кандидат.
Дания Еспаева өтірік айтқан шенеуніктерді жұмыстан шығармақшы
"Шағын және орта бизнестің құлдыратып, халықтың қалтасын жұқартатын тұрақты девальвация тәжірибесін тоқтату қажет. Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы девальвация болмайды деп мәлімдесе, бірақ ол орын алатын болса, ондай шенеунік отставкаға кетуге тиіс", - деп бастайды кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасын.
"Ақжол" партиясының кандидаты кредиттердің мөлшерлемесін төмендетіп, мемлекетке шығын келтірген бизнесті жазалау шараларын жеңілдету керек деп санайды. Сондай-ақ, партия шенеуніктердің оффшорлық есепшоттарын банк құпиясы санатынан алып тастауды көздейді.
"Халықаралық сарапшылардың есебіне сәйкес, жемқорлар 160 миллиард долларды шетелге алып шыққан. Ал өз елімізде жұмыссыз жүргендер аз емес. Себебі ол ақшаның барлығы ұрланған және Қазақстанның дамуына салынып жатқан жоқ", - делінген сайлауалды тұғырнамада.
Аталған құжатта партия сөз бостандығын барынша қорғап, журналистерді қудалауға қарсы екенін де мәлімдеді. Себебі ашық қоғам жемқорлыққа қарсы тиімді құралдардың бірі болып саналады.
Әміржан Қосанов шетелден қарыз алуды тоқтатуға мүдделі
"Ұлт тағдыры" қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов Қазақстанды шынайы демократиялық мемлекет ретінде қайта құрамын деп отыр. Ол үшін сайлау, саяси партиялар, кәсіподақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған заңдарды өзгертпекші. "Мемлекеттік тіл туралы" жаңа заңды да қабылдап, онда заңдық тұрғыдан мемлекеттік тілді білуге міндетті мамандықтар тізімін бекітуді көздейді.
"Алпауыт шетелдік корпорациялармен жасалған жер қойнауын пайдалану туралы құжаттарды Қазақстанның заңды ұлттық және экономикалық мүдделері тұрғысынан халықаралық құқық аясында қайта қарап, шетелден бақылаусыз қарыз ала беру дағдысын доғару қажет", - делінген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында.
Кандидат нәтижесіз мемлекеттік бағдарламаларын қысқарту қажет деп санайды. Ол Қазақстанда атом электр станцияларын салуға қарсы. Оның орнына экологиялық таза қуат көздерін дамытуды қалайды.
Оның ойынша, жемқорлардың мүлкін тәркілеп, оларға рақымшылық қолданбау және өмір бойы мемлекеттік қызметке жолатпау қажет.
Төлеутай Рақымбеков ауылды өркендетуді көздейді
"Ауыл" партиясының атынан ұсынылған Төлеутай Рахымбековтың сайлауалды бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрады. Олар:
– Ауылдар мен қалалардың әлеуметтік теңдігі – қоғамның өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі;
– Дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтау – ел дамуының сенімді негізі;
– Ауылдағы жастар саясатының тиімді моделі – ауылды өркендетудің құралы;
"Бүгінгі таңда біздің қоғамда болып отырған өткір әлеуметтік проблемаларды ескере отырып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жеңу маңызды деп санаймыз. Әлеуметтік саясат барлық адамның және әрбір адамның дамуына қызмет етуі тиіс.", - дейді кандидат.
Амангелді Таспихов миллиардерлерден ақшаны қайтармақ
Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясының кандидаты Амангелді Таспихов "жұмыс істейтін кез келді" дейді. Үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды, жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз етуді, лайықты еңбекақы төлеуді және еңбек миграциясын реттеуді басымды бағыттар ретінде белгілеп отыр.
Оның айтуынша, 90-жылдары кейбір жекелеген жұмыс берушілер еліміздің табиғи байлығы мен ресурстарын иемденіп, жеңіл жолмен байып, қашып кетті.
"Олар қарапайым жұмысшылардың адал еңбегі мен қыруар бюджет қаржысын иемдену есебінен миллиардер болды деп есептейміз. Бұл капитал қайтарылып, еліміздің экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмыс істеуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз", - дейді Таспихов.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда жұмыссыздардың саны 400 мыңнан асады.
"Ал шындығына келгенде, елімізде жұмыспен қамтылмай отырғандар қатары 1 миллион адамнан асады. Біз жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын жақсартуды және еңбек нарығында тепе-теңдікті қамтамасыз етуді жөн көреміз. Жаңа жұмыс орындарына бірінші кезекте қазақстандық мамандар орналасуы кажет", - делінген кадидаттың сайлаулды бағдаламасында.
Тоқаев әділдік үшін күреседі
Nur Otan-ның кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын үш қағидат – сабақтастық, әділдік пен өрлеуге негіздеп отыр. Тоқаев Елбасының стратегиялық саясатын жалғастыруға мүдделі.
Оның айтуынша, біздің қоғамымызда биліктің ашықтығына, мемлекет пен қоғамның диалогына деген мұқтаждық бар. Мемлекет әділдікке қарай қадам жасауға дайын.
"Мен әрбір қазақстандықтың лайықты жұмысы болып, еңбегіне қарай әділ жалақы алғанын қалаймын. Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызметті пайдаланғанын қалаймын. Заманауи медицинаның қолжетімді болғанын қалаймын. Әрбір азаматтың үздік білім алып, заңмен толық қорғалғанын, болашаққа нық сеніммен қарағанын қалаймын", - деп атап көрсетті Тоқаев.