НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Австралияда сынақ мерзімінде жүрген пилот 40 минут бойы ес-түссіз ұшқан, деп хабарлайды РИА Новости.
Басылым атап өткендей, оқиға 9 наурызда болыпты. Ұшқыш Порт-Огаста әуежайынан Аделаиданың Парафилд әуежайына жалғыз өзі рейс орындайды. Сапарға шығар алдында түнде дұрыс ұйықтамаған стажер таңғы асқа шоколадтан басқа ештеңе жемесе керек. Оның үстіне, бұдан бұрын суық тиіп, сырқаттанып қалған екен.
Тағы оқыңыз: Мәскеудегі трагедия: ұшақта не болғанын пилот пен стюардесса айтып берді
Басы ауыра бастағанда пилот ұшақты автопилот режиміне ауыстырады. Диспетчерлер онымен хабарласа алмай, мұхиттың үстімен ұшып бара жатып, ұшқыш есін жиған кезде ғана байланыс орнатқан. Абырой болғанда, пилот ұшақты диспетчерлердің көмегімен Парафилдке аман-есен қондырды.
Пилот сынақтан өтіп жүрген Аделаидадағы жазғы мектеп болған жайттан соң сақтық шараларын қолдануға шешім қабылдады. Оның ішінде, ұшар алдында стажерлер неше сағат ұйықтағаны және тамақтанғаны туралы есеп беруі тиіс.