НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Ақмола облысында дизель отыны бар сегіз вагон рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай 5 мамыр күні 01:55-те Нұр-Сұлтан – Көкшетау теміржол учаскесінің Ақкөл станциясында болған. Жүк пойызының сегіз вагонының бесеуі бір қырына аударылып, дизель отыны төгілген.
Жамбыл облысында пойыз апатына кінәлілерге қатысты үкім шықты
"Аталған жағдайды тергеу үшін оқиға орнында арнайы комиссия құрылды. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін Бурабай және Нұр-Сұлтан станцияларының қалпына келтіру және өрт пойыздары, сондай-ақ Ақкөл ауданы ТЖБ өрт сөндіру машиналары мен персоналы жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, жүк пойызының апатқа ұшыруына вагон рамасының сынуы себеп болған, вагондардың меншік иесі – "Исткомтранс" ЖШС.
Төтенше жағдай болған учаскеде жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысына кедергі келтірілген жоқ.
ҚТЖ атап өткендей, заңда белгіленген тәртіппен барлық шығынды жүк вагонының меншік иесі өтейді.