Саясат

Нұртас, Ислам және Еслямова: Тоқаевтың сайлауалды штабына тағы кімдер кірді?

© Sputnik / Тимур БатыршинҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, штаб құрамына 187 адам кіріп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Сайлауалды кезеңде Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика бойынша 19,5 мыңнан астам сенімді өкілі болады. Бұл туралы бүгін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Кеше Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеген еді. Осыдан кейін республикалық қоғамдық штаб құрылды. Әшімбаевтың айтуынша, штаб заңға сәйкес үгіт-насихат жұмыстарын 11 мамыр күні сағат 18:00-ден кейін бастайды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев сайлауалды кезеңде президенттік өкілеттігін тоқтата ма?

"Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің республикалық қоғамдық штабын басқаруды маған тапсырды. Штаб құрамына 187 адам кіріп отыр. Олардың бәрі елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, өз саласында жетістікке жеткен адамдар", - деді Әшімбаев штаб жұмысына арналған брифингте.

Тоқаевтың сайлауалды штабында кімдер бар

Оның айтуынша, республикалық қоғамдық штабқа "Халық Қаһарманы" Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, "Қазақстаның Еңбек ері" Иван Сауэр, Айман Мұсақожаева және Серік Ақшолақов, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері – Кенжеғали Сағадиев, Бақытжан Жұмағұлов, Әділ Ахметов және басқалары кірген.

Бұған қоса, сайлауалды штабта танымал спортшылар Жақсылық Үшкемпіров, Айбек Нұғымаров, Әлия Юсупова, Қанат Ислам, Динара Сәдуақасова, Александр Винокуров, Зульфия Ғабидуллина да бар.

Тағы оқыңыз: Қытайға неге Тоқаев емес, Назарбаев барды?

Еліміздің өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Досхан Жолжақсынов, Алтынай Жорабаева, Майра Мұхамедқызы, Мейрамбек Беспаев, Самал Еслямова, Сәкен Майғазиев, Қыдырәлі Болманов, Тамара Асар да үгіт-насихат жұмыстарына араласады.

Штаб құрамына, сондай-ақ, сенат және мәжіліс депутаттары да кірді.

"Сонымен қатар, біз алғаш рет республикалық қоғамдық штабтың жастар қанатын құрдық. Оның құрамына Қайрат Нұртас, Құралай Анарбекова, Әйгерім Есенәлі, Серік Есматов тағы басқа танымал жастар еніп отыр", - деді Әшімбаев.

Жастар қанатының мүшелері сайлауалды кезеңде еліміздегі жастармен жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Назарбаевпен алғаш кездескен сәтін еске алды

"Штабтардың барлық мүшесі біздің кандидаттың сенімді өкілдері. Республика бойынша шамамен 19,5 мың адам Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болды", - деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Штаб мүшелері 13 мамырдан бастап өңірлерді аралап, халықпен кездесуді жоспарлап отыр.

Жаңалықтар
0