НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр — Sputnik. Норвегия оңтүстік-шығыс университетінің докторанты Елжас Жақсылық пен Испаниядағы Gijon университетінің магистранты Әсел Елубаева заңды түрде некесін қидырды. Олар Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқып жүрген кезде танысыпты. Жас жұбайлардың неке қию рәсіміне қазақстандықтардың Ослодағы достары келген. Олар некені мемлекеттік тіркеу сәтіне куә болды.
Қуанышты хабармен Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі Facebook парақшасында бөлісті.
Неке қию куәлігін Қазақстанның Норвегиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркін Ақынжанов табыстады. Елші Ослоға жақында ғана келген. Ол Харальд V Норвегия короліне сенім грамотасын табыстайтын болады.
"Жастар елшілікке бір ай бұрын өтініш тапсырып, қажетті құжаттарды ұсынды. Бұл біздің елшілігімізде тіркелген бірінші неке. Әрине, дипломатиялық миссия үшін ұлкен мереке", - деді елшілік консулы Азат Мәтенов.
Қазақстан консулдықтарында бала туу туралы куәлік, төлқұжат пен Қазақстан азаматтығын алу сынды қызмет ұсынады. Сондай-ақ, консулдық-құқықтық көмек көрсетіледі.
Мәтеновтың айтуынша, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің консулдық есебінде 119 қазақстандық азамат тұр. Олардың көбі мұнай компанияларында қызмет ететін жоғары білікті мамандар.