НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр — Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы атынан "Қазақстан аруы 2019" конкурсына қатысқан Еркеназ Сейфулла 2020 жылы ұлттық сұлулық байқауының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Жоба ұйымдастырушылары қызды ешқандай кастингсіз қабылдауға дайын.
"Қазақстан аруы" ұлттық байқауы келесі жылы Еркеназ Сейфулланы "Астана аруы" ретінде финалға бірден қабылдауға даяр. Біз оны қосымша кастинг немесе байқауға қатыспай-ақ 2020 жылғы финалда күтеміз", - деп хабарлады "Қазақстан аруы" байқауының директоры Алена Ривлина-Кырбасова.
Еркеназ Сейфулла неге "Қазақстан аруы 2019" финалына қатыспады
Он жеті жастағы Еркеназ Сейфулла елдің ең сұлу аруын анықтайтын байқаудың финалдық кезеңіне қатыса алмай қалды.
Белгілі болғандай, ару денсаулығына байланысты сахнаға шыға алмапты. Жоба ұйымдастырушылары нақты не болғанын білмейді, бірақ соқырішегі қабынды деген күдік болған сияқты.
Тағы оқыңыз: "Қазақстан аруы 2019" атағын кім жеңіп алды - фото
"Бұған дейін бір жерім ауырды деп шағымданған емес, созылмалы сырқаты да жоқ болатын", - дейді конкурс директоры.
Еркеназ Сейфулла "Қазақстан аруы 2019" атануы мүмкін бе еді
Еркеназ жоба көшбасшыларының бірі еді, деп атап өтті Алена Ривлина-Кырбасова.
"Оның арқасында жобамыз айшықты болды. Ұйымдастырушылар да, қазылар да финалға қатыса алмағына қатты өкінді. Еркеназ – шыныққан, шымыр қыз", - дейді ол.
Еркеназ Сейфулланың сұлулығын Sputnik Қазақстан да ерекше бағалады. Ару өзге бәсекелес қыздармен бірге редакцияға келіп, журналист болған қалай екенін біліп қайтқан болатын. Сол кезде Еркеназ "Sputnik Қазақстан таңдауы" атағына ие болып, сыйлық ретінде Мәскеудегі "Россия Сегодня" халықаралық агенттігінің дизайн орталығында үш күндік тағылымдамадан өтуге сертификат ұтып алған еді.
Тағы оқыңыз: Түрмедегі "Қазақ аруы": ең сұлу қылмыскер әйел кім - фото
"Қазақстан аруы" директоры атап өткендей, байқау қарсаңында қыздар қатты уайымдап немесе шаршағандықтан ауырып қалады екен.
Айта кетсек, 2019 жылы республиканың ең сұлу аруы деген атаққа павлодарлық Мәдина Батық ие болды.