НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Елорда полициясы 7 жасар баланың соққыға жығылуына қатысты тергеуді қолға алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті.
Елордалық тәртіп сақшыларының хабарлауынша, қалалық аурухананың қабылдау бөліміне кәмелеттік жасқа толмаған бала көптеген дене жарақатымен түскен.
Тағы оқыңыз: Нағашысы 9 жастағы жиенін көлікке байлап сүйреді - фото
"Осы жайтқа байланысты ҚР ҚК 106-бабы "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян тигізу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп мәлімет берді полиция.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 7 жасар бала анасы және оның көңілдесімен бірге тұрады екен. Тиісті сараптама нәтижесінде балаға ер адамның жәбір көрсететіні анықталды.
Баланың айтуынша, анасы жоқта, яғни күндіз ер адам оны ұрып-соғады екен. Тіпті жаза ретінде түнде ұйықтатпай, таңға дейін көбейту кестесін жаттатқызып қоятын көрінеді. Жеткіншек тұрақты түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап отырған.
Тағы оқыңыз: Шымкент тұрғыны намазды дұрыс оқымаған өгей баласын өлтірді
Куәгерлердің жауабы мен тергеу шаралары негізінде күдікті ұсталды. Ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау абақтысында отыр.
Сотқа дейінгі тергеулер әлі жалғасып жатыр.