Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

21 жасында Кеңес одағының батыры: Сағадат Нұрмағамбетов туралы не білеміз?

© Sputnik / Медиабанкке өтуСағадат Нұрмағамбетов
Сағадат Нұрмағамбетов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

Батырдың балалық шағы

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған, үйдің кенжесі. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса, ағасы Сағит. Сағадат дүние есігін ашуға бір ай қалғанда әкесі Қожахмет өмірден озады. Айса жалғыз қалып, екі ұлын асырау үшін бар күшін салады. Алайда елiмiздi ашаршылық жайлаған 1932 жылы Сағит пен Сағадат отбасының тірегі болған аналарынан айырылып, тұл жетім қалады. Ол кезде Сағадат бар-жоғы 7 жаста еді.

Сағадат үшін жалғыз ағасы Сағит әке де, шеше де болады. Бірақ сұм соғыс ағасын да көп ұзатпай майдан даласына алып кетеді. Ол ағасын жанындай жақсы көрген екен.

"Ағам шымыр денелі, жұдырығы тоқпақтай, қой көзді, анама ұқсайтын еді", - дейді Сағадат Нұрмағамбетов.

Алайда Ұлы Отан соғысына аттанған оның жалғыз ағасы Новгород түбiндегі шайқаста қаза табады.

Отбасынан айырылған Сағадат Нұрмағамбетов ерте есейіп, жастайынан алғыр, өжет болып өседі. Туыс атасы Әлжан айтқан Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы жыр-дастандарды сүйсіне тыңдайды.

Ол Ақкөл ауданындағы (бұрынғы Алексеев) мектепте оқыған. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, зеректігімен ерекшеленеді. Сағадат география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған.

"Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын", - дейді батырдың замандастары естеліктерінде.

Сағадат Қосым ауылында соғыс жылдары есепшi, клуб меңгерушiсi қызметтерін атқарады.

Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі

1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады.

1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.

Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист әскерін өлтіреді.

Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, оның ротасы кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды.

Сенаттың бұрынғы төрағасы, қазіргі Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шайқастарды кеңес әскерінің қолбасшысы Георгий Жуков өзі бақылағанын айтады.

"Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді", - дейді ол "Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова" атты деректі фильмде.  

Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі.

Марапаттау рәсімін қазақтың батыры былайша еске алады

"Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге "Ленин" ордені мен "Алтын жұлдызды" тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым", - дейді ол өз естелігінде.

1945 жылдың 8 мамырда Нұрмағамбетов екінші рет Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Оның батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысады. Ол бұл уақытта майор атағымен атқыштар дивизиясын басқарады. 1945 жылы Берлинде Нұрмағамбетов 100-ден аса Гитлер әскерінің көзін құртып, 9 фашист бекінісін жояды, әрі 1560 жау әскерін тұтқынға алады. Осы шайқаста Нұрмағамбетов бірінші рет жараланады.

Ардагерлер - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астана әкімдігі соғыс ардагерлеріне ақшалай көмек береді
Алайда қазақ сарбазына екінші мәрте Кеңес Одағының батыры атағы берілмейді.

"Ол 500-ден астам фашистің көзін жойды. 1 мыңнан астам жау әскерін тұтқынға алды. Пешков есімді полк командирі Нұрмағамбетовке екінші рет Кеңес одағы батыры атағын беруге ұсыныс жасайды. Бірақ Сағадат ағамыз бұл атақты ала алмай қалды", - дейді мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Нұрмағамбетовке арналған деректі фильмде.

1945 жылдың 31 мамырында Сағадат Нұрмағамбетов Қызыл ту орденімен марапатталады. Қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтады.

Ол 1946 – 1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарды. КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды.

Ал 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.  

© //Еркен САЛИХОВ Сағадат Нұрмағамбетов
21 жасында Кеңес одағының батыры: Сағадат Нұрмағамбетов туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Сағадат Нұрмағамбетов

Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі

Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, ол туған елінің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды.  Оған батырдың жазып қалдырған естеліктері дәлел. Ол 1991 жылы Қазақстан президентiнiң жарлығымен мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кіріседі.

"Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге "Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер" деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық", - дейді Нұрмағамбетов өз естелігінде.

1992 жылғы 7 мамырда Сағадат Нұрмағамбетов қорғаныс министрi болып тағайындалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бұл шешімді қабылдау оңайға соқпағанын айтады.

"Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым", - деп еске алады сол кезді Қазақстанның тұңғыш президенті.

Қазақстанның Қарулы Күштері қалай құрылды?

Нұрмағамбетов қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған соң, сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салады.

"Жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды "қайда даярлаймыз?" деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады.

Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды", - дейді Халық Қаһарманы.

© Sputnik / Болат ШайхиновҚазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің формасы
21 жасында Кеңес одағының батыры: Сағадат Нұрмағамбетов туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің формасы

Сонымен қатар ол естелігінде егемендіктің алғашқы жылдарында Алматыдағы әскери училищеге сол кездегі подполковник, қазіргі мәжіліс депутаты Абай Тасболатовты басшы етіп тағайындағанын жазады.

"Оған "Жігіттерді өсіресің және қазақтың баласын аласың" деп міндет жүктедім. Қазір онда 95% қазақ жігіттері оқиды. Әскери училищеде бұрын төрт мамандық болса, қазіргі уақытта оның санын 11-ге жеткіздік. Осының барлығы кадр даярлау мәселесі төңірегінде атқарылған істер еді", - дейді ардақты азамат.

Сыпайы генерал

Ал Абай Тасболатов өз ұстазының бұл еңбегін жоғары бағалайды.

"Қан майданға бозбала боп аттанып, жиырма бір жасында Кеңес Одағының батыры атанған майдангер, министр әскер ісін ұйымдастыруда кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. Осы сөзімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында офицерлік құрам санатында "кіші лейтенант" шені қолданыста болғаны дәлел. Бұл соғыс жылдарында жауынгерлік құрамының үздіксіз легін қамтамасыз ету әдісі еді десек, Сағадат Нұрмағамбетов тап осы үлгіні тәуелсіз Қазақстандағы әскери саланың нығаюына сәтті пайдаланып, тиімді реформа жүргізе білді", - дейді Тасболатов "Сағадат Нұрмағамбетов. Сыпайы генерал, шын сардар" атты мақаласында.

Сонымен қатар Тасболатов ұстазының мінезі жайдарлы, ісіне адал болғанын айтады.

Тағы оқыңыз: Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің ерлігі

"Сағадат Қожахметұлының қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп, орындалуын талап еткенде, оның табандылығында шек болмайтын. Осы бір тұста Сағадат ағамыздың зейіні зерек болғандығын да атап өтпеске болмайды. Өйткені ол қызметте жүрген жылдарында да, зейнеткерлікке шыққан кезеңінде де қарамағында қызмет еткен офицерлердің барлығының дерлік аты-жөні мен әкесінің есіміне дейін жатқа біліп, туған күндерінде арнайы қоңырау шалып құттықтап жатуы көптеген кісінің таңданысын тудыратын һәм көңілдерге риясыз қуаныш сыйлайтын еді", - дейді ол.

Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы Сағадат Нұрмағамбетовті "сыпайы генерал" деп еске алады екен.

Халық Қаһарманы

1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен №1 "Алтын Жұлдыз" табыс етiлдi.

1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан президентiнiң кеңесшiсi болды.

Сағадат Нұрмағамбетов 1971 – 1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесiне бiрнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкiмет қаулысымен Астана қаласындағы "Жас ұлан" мектебiне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтiң есiмi берiлдi. Оның жауынгерлiк және қайраткерлiк өмiр жолындағы ерлiктерi мен еселi еңбектерi жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шет елдердiң ордендерiмен марапатталды.

Сондай-ақ Сағадат Нұрмағамбетов Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды.

2013 жылдың 24 қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Оның артында Лира Сәбирова есімді әйелі, Талғат пен Айсұлу есімді балалары мен 4 немересі қалды.

Отан үшін от кешкен батырдың жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгі сақталады.

Жаңалықтар
0