Оқиға

"Балаларын терезеден лақтырды" Елордадағы алапат өрттің мән-жайы анықталды   

© Sputnik / Абзал КалиевӨрт шыққан жатақхананың тұрғындары
Өрт шыққан жатақхананың тұрғындары - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгін елордада бес қабатты тұрғын үй өртеніп, 400-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда отқа оранған жатақхананың тұрғындары Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Таңертең қаладағы Жаханша Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан жатақхана қызыл жалынға оранған. Жақын маңда тұратын Алмагүл есімді тұрғынның айтуынша, өрт сағат 11-дің кезінде шыққан.

"Алғашында қоқыс жанып жатқан шығар деп ойладым. Себебі, пластмассаның иісі шықты. Сөйтсем, үйіме қарама-қарсы орналасқан жатақхана жанып жатыр екен. Үйдің жанында адам қарасы көп болды. Балаларын терезеден лақтырып жатты. Ал төмендегілер жерге көрпе төсеп, оларды тосып алды", - дейді елордалық тұрғын.

© Sputnik / Абзал КалиевНұр-Сұлтандағы жатақханалардың бірінен өрт шықты
Балаларын терезеден лақтырды Елордадағы алапат өрттің мән-жайы анықталды    - Sputnik Қазақстан
Нұр-Сұлтандағы жатақханалардың бірінен өрт шықты

Ал сол жатақханада тұратын Гүлзаданың айтуынша, қою қара түтіннен ештеңе көрінбей, айнала тас түнекке айналған.

"Мен бесінші қабатта тұрамын. Өрттің иісі шықты. Ештеңеге алаңдаған жоқпын. Бір кезде терезеге қарасам, жатақханамыз өртеніп жатыр. Пәтердің есігін аштым. Қою қара түтіннен ештеңеге көрінбейді. Айнала тас қараңғы. Үйде кішкентай балаларым мен күйеуім болды. Құдай сақтап, отағасы мені мен балаларымды жанып жатқан үйден алып шықты. Осы сәтте өрт сөндірушілер келді.  Бесінші қабатта балаларымен қалып қойған адамдар болды. Оның арасында көпбалалы отбасылар мен мүгедектер бар", - дейді ол.

Сонымен қатар Гүлзада балаларын дәрігерге қаратқанын, олардың денсаулығы жақсы екенін жеткізді. Айтуынша, жатақхана апатты жағдайда болған.

"Әкімдер қайда қарап отырғанын білмеймін. Үй құлағалы тұр. Мұнда көпбалалы отбасылар тұрады, қаншама бала бар. 2009 жылдан бері осы үйде тұрамын. Ай сайын жөндеу жұмыстарына 2 мың теңгеден жинаймыз. Бірақ одан пайда жоқ. Жатақхана құлап қалама деп қорқамыз. Себебі, мұндағы екі сатының бірі өткенде опырылып түсті. Енді адамдар бір сатыны пайдаланып жүр. Ал жертөленің іші суға толып тұр", - дейді ол.

Оның сөзін Галина Чернышева толықтырды. Ол да құлағалы тұрған жатақханада тұрады. Галина "тірідей үйіндінің астында қаламыз ба?" деп қорқады.

"Жатақхана апатты жағдайда тұр. Жертөленің іші толған су. Мұнда кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Пайдаланылған су жертөлеге жиналады. Ол ешқайда кетпейді. Сонда тұрады. Түбінде осы үй құлап, көптеген тұрғын қаза таба ма деп қорқамын", - дейді ол.

© Sputnik / Абзал КалиевӨртенген сым
Өртенген сым  - Sputnik Қазақстан
1/4
Өртенген сым
© Sputnik / Абзал КалиевӨрт болған жерде жанған кітаптар
Өрт болған жерде жанған кітаптар  - Sputnik Қазақстан
2/4
Өрт болған жерде жанған кітаптар
© Photo : пресс-служба акимата города Нур-СултанЖатақханадағы өрт
Жатақханадағы өрт  - Sputnik Қазақстан
3/4
Жатақханадағы өрт
© Sputnik / Абзал КалиевӨрт шыққан жатақхананың тұрғындары
Өрт шыққан жатақхананың тұрғындары  - Sputnik Қазақстан
4/4
Өрт шыққан жатақхананың тұрғындары
1/4
Өртенген сым
2/4
Өрт болған жерде жанған кітаптар
3/4
Жатақханадағы өрт
4/4
Өрт шыққан жатақхананың тұрғындары

Сондай-ақ ашынған тұрғын өрттің неден шыққанын да айтып берді.

"Жатақханадағы тоқ сымдары ескірген. Соған қарамастан біз осында тұрып жатырмыз. Көрші әйелдің үйіндегі электр сымдары тұйықталды. Салдарынан бөлмеден өрт шықты. Көршіміз жұмыста болды. Ол – қызын асырап отырған жалғызбасты әйел", - деді Галина Чернышева.

Әңгіме барысында ол түтіннен ештеңе көрінбегенін, жылаған балалардың дауысын естіп, жүрегі ауырғанын айтты.

"Пластик терезелер мен трубалар өртенді. Қою қара түтін пайда болды. Ештеңе көрінген жоқ. Осы кезде балалар бөлмелерінде отырды. Жылап, айғайлай бастады. Мұнда көпбалалы отбасылар тұрады. Балалары балабақшаға бармайды. Құдай қолдап, өрттен ешкім қаза тапқан жоқ", - дейді тұрғын.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтандағы Жаханша Досмұхамедұлы көшесі бойында орналасқан жатақханадан өрт шықты. 350 адам өз күшімен сыртқа шыққан. 20 адамға медициналық көмек көрсетілді. Өртті сөндіруге қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 66 қызметкері мен 18 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды.

Жаңалықтар
0