НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Суда жүзуден Қазақстан чемпионы, әлем кубогының төрт дүркін иегері, екі дүркін Азия Пара ойындарынының жеңімпазы Ержан Сәлімгереевпен Sputnik Қазақстан тілшісі сұқбаттасты. Ержан басына түскен қиындықтарға мойымай, жетістікке қалай жеткенін, алдағы жоспары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қалай көмектесіп жүргенін айтты.
Өмір соққысы
Ержан 1989 жылы 8 желтоқсанда Атырау қаласынан 12 шақырым жердегі Еркінқала ауылында дүниеге келген. Үйдің ортаншысы. Ағасы мен інісі бар. Ол 9 жасында ауылда достарымен ойнап жүріп, тоққа түскен.
"3-сыныпта мектептің жанында достарыммен ойнап жүрдім. Байқамай ашық тұрған трансформатордың ішіне кірдік. Сол кезде тоққа түстім. Достарым менен төрт жас үлкен еді. Мен ең кішкентайы болдым. 9 жасымда аяқ-қолымнан айырылып, арбаға таңылдым. Қиын болды", - дейді параспортшы.
Алғашқы кәсіп
Ол 2007 жылы орта мектепті бітіреді. Кейін такси жүргізушісі болып жұмыс істейді.
"Мен біреуге масыл болғанды ұнатпаймын. Жұмысымды біреудің мойнына артып қоя алмаймын. Бұл менің табиғатыма жат. Сондықтан мектепті бітіргеннен кейін "не істеймін, бұл тығырықтан қалай шығамын"деп ойладым. Сөйтіп, туыстарым маған көлік алып берді. Маған бұл жұмысым ұнайтын. Шамамен екі жылдай жолаушы тасымалдадым", - дейді Ержан Сәлімгереев.
Жаңа мүмкіндік
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтың інісі Құрманғали Тасмағамбетов параспортшыға қолдау көрсетіп, қазіргі Атырау мұнай және газ университетіне оқуға түсіреді. Өміріндегі бұл мүмкіндікті Ержан қалт жібермейді.
"Құрманғали аға "Ержан саған білім керек" деді. Ол кісі маған демеу болды. Сөйтіп, жоғары оқу орнында автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша тегін білім алдым. Оқытушыларымның кеңесімен суға жүзу спортына жазылдым. Өмірім 360 градусқа өзгерді", - дейді параспортшы.
Спорттағы жетістіктері
Атыраулық жігіт 24 жасында кәсіби спортқа келіп, аянбай тер төгеді.
"Өзімнің суда жүзу техникамды қалыптастыруға тура келді. Көп іздендім, жаттықтым, армандадым. Бапкеріммен ақылдасып, жақсы техника жасадық. Қазір мені атыраулық Нұрлан Жұмағазиев жаттықтырады", - дейді Ержан Сәлімгереев.
Ол алғашында спорттағы жетістіктері туралы ата-анасына айтпапты.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық спортшы әлем чемпионы атағын жеңіп алды
"Суға жүзу спортымен шұғылданып жүргенімді, жарысқа қатысқанымды ата-анама айтқан жоқпын. Кейін олар жетістіктерімді естіп қуанды. 2015 жылы республикалық спартакиада ойындарында суға жүзуден алғаш рет алтын медаль жеңіп алдым. 2016 жылы Қазақстан чемпионатына қатыстым. 3 түрлі қашықтықта 3 алтын медаль еншілеп, 3 рет Қазақстан рекордын жаңарттым. Сөйтіп, суға жүзуден Қазақстан ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі атандым", - дейді спортшы.
Ержан бұл жетістіктерімен шектеліп қалмайды. Көп жаттығып, жаңа белестірді бағындарады. 9 рет суда жүзуден Қазақстан чемпионы, 4 рет әлем кубогының иегері, 2 дүркін Азия Пара ойындарынының жеңімпазы атанады.
Атыраулық жігіттің ендігі мақсаты – Олимпиада ойындарында топ жару.
"Әрбір спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Құдай қаласа, 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін Паралимпада ойындарында алтын медаль жеңіп алғым келеді", - дейді параспортшы.
"Өзімді ешкімнен кем санамаймын"
Сұқбат барысында Ержан басына түскен қиындықтарды қалай жеңгенін айтып берді.
"Жолыңдағы барлық қиындықты тек еңбекпен ғана еңсересің. Басыма түскен қиындықты Алланың сынағы деп қабылдадым. Еңсемді түсірмей, осы өмірде жақсы ғұмыр кешемін деп өз-өзіме серт бердім. Сабырлы, шыдамды болдым. Сонда ғана жетістікке жете алатынымды түсіндім. Мен тек бір Аллаға тәуекел еттім. Қиындықтарымды еңсере алатынымды алдымен өзіме дәлелдегім келді. Көп армандадым, еңбектендім", - дейді әлемді мойындатқан спортшы.
Сондай-ақ, ол үнемі ата-анасын ойлап жүретінін атап өтті.
"Әкем мен шешемді үнемі ойлап жүремін. Олардың жағдайы жақсы болғанын қалаймын. Бұл – менің парызым. Нешінші топтағы мүгедек болсам да, өзімді ешкімнен кем санамаймын. Сыртқы келбетім осындай болғанымен, еңсемді түсірмеймін. Бұл – Алланың сынағы", - дейді Ержан Сәлімгереев.
Чемпион кеңесі
Қазір Ержан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Атырау облысындағы филиалында бас маман болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ол мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп тұратынын айтты. Олармен өзінің ақыл-кеңесімен бөлісті.
"Бала кезімде қиыншылық көрдім. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ішкі жан дүниесін түсінемін. Оларға ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Бұл өмір қайғы мен қуанышқа толы. Қиындықты жеңу керек. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғаммен байланыста болуы керек. Терең ойдың тұңғиығына батып, қайғыға берілудің қажеті жоқ. Қоғамның дамуына өз үлесіңді қос, белсенді бол", - дейді спортшы.