НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Қазақстандық әнші Ержан Максим "Голос. Дети" шоуының айналасында туындаған жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Ержан Максим Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесті.
"Ержан бауырымыз "Голос.Дети" байқауында екінші орын алды. Осыған дейін жас таланттар конкурстарға қатысатын. Бірақ финалға шыға алмайтын. Тіпті, финалға шықты десе қуанатынбыз. Өздеріңіз көрдіңіздер, Ержан суперфиналға шықты. Нәтижесінде екінші орын алып, үлкен жетістікке жетті", - деді министр.
Министр жас әншіге IPad mini планшетін сыйға тартып, шығармашалығына табыс тіледі.
Кездесу барысында журналистер Ержаннан "Голос. Дети" байқауының қорытындысына көңілің тола ма, бірінші орын алмағаның үшін өкпең бар ма?" деп сұрады.
"Жоқ, бірінші орын алмағаным үшін ешкімге өкпелемеймін. Бір жағынан, бірінші орын алмағаным да жақсы болды. Егер мен байқауда бірінші орын алсам, бәрі мені құттықтайтын еді. Енді екінші орын алсам да, әртістер танып, әлеуметтік желіде оқырмандарым көбейді", - деді Ержан Максим.
Сонымен қатар жас әнші қазақстандарға өз алғысын білдірді.
"Голос. Дети" байқауынан соң көп нәрсе өзгерді. Бұрын мені Орал халқы ғана танитын. Енді Қазақстанның жартысы таниды деп ойлаймын. Instagram желісіндегі оқырмандарым көбейді. Осылай қолдау білдіргендеріңіз үшін сіздерге рақмет айтамын. Менің ойымша, "Голос. Дети" байқауы әділ өтті", -деді ол.
Айта кетейік, 26 сәуірде Ресейдің бірінші арнасында "Голос. Дети" шоуының финалы көрсетілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Ал қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орын иеленді. Бірақ көрермендер финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды. Көптеген ресейлік әртістер қазақстандық әншіге қолдау білдіріп, оны нағыз жеңімпаз деп білетінін айтты.