НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мақпал Жүнісова тәртіпсіз қылық танытқан әріптестерін сабасына түсірді. Әншінің ашуын тудырған жайт жұлдызды кештердің бірінде болған, деп хабарлайды "Ревю" бағдарламасы.
Әдетте әртістер қауымы көк жәшік пен сахнада салиқалы әрі сабырлы көрінетін еді. Бірақ бұл жолы олар тәртіпсіздік танытты. Думанды басқосуға жиналған жұлдыздар бірінші болып ақ тілегін ақтарған Мақпал Жүнісовадан сөз естіп қалды.
"Әй, не болды дабырлап? Тыңдаңыздар, болмаса орындарыңызға барып отырыңыздар. Мәдениет адамдарды мәдениетсіздік танытып отыр. Мәдениетсіздіктің белгісі осыдан білінеді. Бір-бірін тыңдай білмеу, бір-бірін сыйлай білмеу... Жалпы, мен де қазір сендер сөйлеген кезде тарқылдап айғайлап күлемін", - деді Мақпал Жүнісова.
Мақпал ханымның ашуы шәй орамал кепкенше. Бұл қазақ өнеріндегі майталмандардың Алтынбек Рахметовтың 50 жасына жиналған сәті еді. Бір өкініштісі, Жүнісованың жұлдыздарға айтқан жоғарыдағы ескертпесі нәтижесіз қалған секілді. Олар енді Баянды ашуландырған.
"Ешқандай тәрбиелерің жоқ, жастар. Кішкене бір тәрбие болу керек қой. Шалдар, үлкен кісілер сөйлеп жатыр мына жерде. Мақпал апай айтты ғой, тәрбиелерің жоқ деп. Рахмет", - деді Баян Алагөзова.