НҰР-СҰЛТАН, 26 апр — Sputnik. "Ауыл" партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.
Рақымбековтың мемлекет басшысы лауазымына ұсынылғаны туралы 25 сәуір күні "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XV кезектен тыс съезі барысында белгілі болды.
"2019 жылдың 26 сәуірінде "Ауыл Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың құжаттарын Қазақстан Орталық сайлау комиссиясына тапсырды", - деп хабарлады ОСК баспасөз қызметі.
Рақымбековтың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылдың 27 сәуірінде өтеді.
Төлеутай Рақымбеков туралы не білеміз?
Төлеутай Сатайұлы Рақымбеков 1964 жылы 19 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде туған.
1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдады. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолы
Еңбек жолын 1987 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасын бітіргеннен кейін, Қарағанды облыстық Жаңаарқа аудандық ауыл шаруашылығы техникалары бірлестігінде инженер болып бастаған.
1992 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысқан.
1999-2001 жылдары – Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары;
2001-2002 жылдары – Жезқазған мемлекеттік университетінің доценті;
Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешім шығарды
2002-2006 жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінде басқарма басшысы, департамент директоры секілді түрлі басшылық қызметтер атқарды;
2006-2007 жылдары – Көлік және коммуникация министрлігі көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры;
2007-2009 жылдары – "ҚазАгроИнновация" АҚ президенті;
2009 жылдың наурызынан 2009 жылдың қарашасына дейін – премьер-министр орынбасарының кеңесшісі;
"Ақ жол" партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева
2009-2011 жылдары – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары;
2017 жылдың наурызы мен 2017 жылдың шілдесі аралығында ауыл шаруашылығы вице-министрі болды.
2019 жылдың сәуір айынан бері – "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ басқарма төрағасы.
Марапаттары
"Құрмет" орденімен, түрлі медальдармен және құрмет грамотасымен марапатталған.
Отбасылық жағдайы
Үйленген, екі қызы бар.