НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президент сайлауына Жамбыл Ахметбеков түседі. Бұл туралы партияның кезектен тыс съезінде белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан коммунистік халық партиясының кезектен тыс XIV съезі өтті. ҚКХП орталық комитетінің хатшысы Айқын Қоңыров коммунистер партиясының алдағы мерзімінен бұрын президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді.
Партия президенттікке үміткер ретінде мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековті ұсынды. Партия мүшелері кандидатураны бірауыздан қолдады.
Кезектен тыс президент сайлауы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.
Үшінші кандидат: бұрынғы парламент депутаты президент сайлауына түседі
Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.
"Сайлауға түсуімді өтінеді" Назарбаев қазақстандықтар жазған хаттар туралы айтты
Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.
Кандидаттарға қойылатын талаптар
Президенттікке кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы болуы тиіс.
Nur Otan съезінде Назарбаевтың көңілі босап кетті – видео
Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс.
Сондай-ақ, Қазақстан президенттігіне кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі.