Саясат

Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешім шығарды

© Sputnik / Владислав ВодневКонституция
Конституция  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Конституциялық кеңес кандидаттың соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұру нормасын түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір - Sputnik. Конституциялық кеңес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешімін жариялады.

Бұған дейін Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талап – соңғы 15 жыл бойы елде тұру туралы норманы түсіндіруді сұраған еді.

Конституциялық кеңес шешімі

Конституциялық кеңестің шешімі бойынша, 15 жыл бойы елде тұру мерзіміне бірінші кезекте азаматтың ел аумағында тұрғылықты тұру уақыты жатады, бұл азаматтың мекенжайы бойынша тіркелуі арқылы анықталады.

"Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметкерлері және Қазақстан Республикасы құрамына кіретін халықаралық ұйымдарда лауазымға тағайындалған азаматтардың шетелде тұруы да осы мерзімге жатады", - делінген Конституциялық кеңестің түсініктемесінде.

Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми түсіндіргендей, осы айтылған себептер бойынша елден тысқары аумақта тұру Қазақстан азаматтығын тоқтатты немесе тұрғылықты мекенжайын өзгертті деген сөз емес.

Президент сайлауы - 2019

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

Жаңалықтар
0