Экономика

 Дариға Назарбаева министрге кәсіпкерлердің шағымын жеткізді

© Photo : оргкомитет "Астана Клуб" Дариға Назарбаева
 Дариға Назарбаева  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенат спикеріне экспорттаушылар құжат рәсімдеу өте қиын екенін әрі көп уақыт алатынын айтып арызданған

НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Сенат төрайымы Дариға Назарбаева ұлттық экономика министрлігіне экспортқа шығарылатын тауарларды рәсімдеу процедурасын жеңілдетуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың жалпы отырысында "Бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында сенат спикері Дариға Назарбаева ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтен экспортқа шығарылатын тауарларды рәсімдеу процедурасы туралы сұрады.

Қазақстандықтар келесі жылы неліктен декларация тапсырмайтыны белгілі болды

Министр тауарды экспорттау үшін кәсіпкерлерге көп құжат жинаудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Егер ол реттелетін тауар болса, онда рұқсат беру қағазы жеткілікті. Ал басқа тауар болған жағдайда, келісімшарт пен тауарға құқық белгілеуші құжаттар, тиісінше экспорттаушының ЖСН-і мен БИН-і керек. Негізгі проблема импорт кезінде туындайды деді Дәленов.

"Тауарды импорттаған кезінде көп анықтама көрсетуге тура келеді. Қағаз жұмысы өте көп. Қазір қаржы министрлігі анықтамаларды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасынан алуға болатындай электронды форматқа көшіру бойынша жұмыс істеп жатыр", - деді министр.

Алайда Дариға Назарбаева министрдің экспортқа қатысты жауабына қанағаттанбады. Айтуынша, экспорттаушылар құжат рәсімдеу өте қиын екенін әрі көп уақыт алатынын айтып шағымдануда.

"Қазір рұқсат беру құжаттары Сыртқы істер министрлігі арқылы жүзеге асады деп жатыр. Бұл солай ма?", - деп сұрады сенат спикері.

Дәленов рұқсат қағазын қажет етпейтін тауарларды рәсімдеу онлайн арқылы жүзеге асатынын алға тартты. Ал рұқсат құжаттарын алу қажет болса, онда бұл процедура шынымен қиындау дейді ол.

Қазақстанда енгізілген жаңа салықтан 3,8 миллион теңге түскен

"Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы беретін кейбір құжаттар электронды емес. Яғни, бизнесмендерге өздеріне барып алуға тура келеді. Мұндай проблема бар, қазір мұны шешіп жатырмыз", - деп сендірді министр.

Дариға Назарбаева бұл мәселе тез арада шешіледі деп үміттенетінін айтты.

"Әйтпесе, тауар өндірушілер шағымданып жатыр. Әсіресе, тез бүлінетін ауыл шаруашылығы өнімдері болса, олар біздің бюрократтар қашан анықтама жазып береді екен деп үш апта немесе бір ай күте алмайды. Оның үстіне біз экспортқа шығарылатын тауарлардың санын арттыруға мүдделіміз. Менің ойымша, бұл мәселеде сіздерге белсенді жұмыс істеу керек сияқты", - деді сенат төрайымы.

Дәленов қазір ұлттық экономика министрлігі эспортты ынталандыру картасын әзірлеп жатқанын, бұл мәселе бақылауда екенін атап өтті.

Айта кетсек, сенат депутаттары бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады.

Уақытша келісімге 2018 жылғы 17 мамырда қол қойылған болатын.

Келісім Қазақстанға 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 миллион долларға жетті, оның ішінде 82,6%-і Иранға экспортты құрады. Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар – арпа, болат прокаты, рапс тұқымы және қой еті.

Келісімге сәйкес, Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж мөлшерлемесін төмендетті. Иран нарығына сиыр және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон және кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар, арматура, құбырлар және тағы басқа тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша жеткізу мүмкін болмақ.

Ал ЕАЭО елдері 502 тауар бойынша импорттық баж мөлшерлемесін төмендетеді. Олар: пісте, құрма, інжір, жүзім, креветка, кондитерлік өнімдер, ыдыс жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары.

Келісім ратификациялау рәсімдері аяқталған соң 60 күннен кейін күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі – 3 жыл.

Жаңалықтар
0