НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәдениет және спорт министрлігіне "таза" спорт үшін күрес мәселесінде бос сөзді доғарып, нақты іске көшуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нығматулин жүргізушілерге жағдай жасауды тапсырды
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Спорттағы допинг мәселесі
Cұрақ-жауап барысында депутат Зәуреш Аманжолова мәдениет және спорт министрлігінің өкілі мен заң жобасы бойынша баяндама жасаған әділет министрі Марат Бекетаевқа сұрақ қойды. Депутаттың айтуынша, бүгінде бүкіл әлем спорттағы допинг, жарыстың тыйым салынған түрлері, алдын ала келісілген матчтармен күресуде.
Мұхамедиұлы Полтораниннің допинг дауына қатысты түсініктеме берді
"Жақында парламент үкімет енгізген дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын қарады. Бұл құжат "таза" спорт пен "таза" жеңіске жол ашады. Онда спортшылардың, бапкерлер мен ұйымдастырушылардың жауапкершілігін күшейтетін түзетулер қарастырылған. Алайда біз бүгін қарап жатқан заң жобасында спортшылар және жарыс ұйымдастырушыларын ақшаға сатып алғаны үшін салынатын айыппұл сомасын 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендету қарастырылып отыр және осы заң бұзушылық үшін әкімшілік қамауға алуды алып тастау көзделген", - деді Аманжолова.
Бұған қоса, депутаттың айтуынша, заң жобасы заңсыз сыйақы берген адамның жазасын жеңілдетуді көздейді.
"Осыған байланысты, менде мынадай сұрақ: Кодекстің 174-бабының қазіргі редакциясын сақтау қажет деп ойламайсыздар ма?", - деді ол.
Әділет министрі Марат Бекетаев бұл түзетудің асығыстықпен жасалғанын айтты. Министр депутаттың аталған редакцияны сақтау керек деген ұсынысымен келісті.
Головкиннің қарсыласы допинг сынағын "алдағанын" мойындады
Бұл түзетуді мәдениет және спорт министрлігі енгізген екен.
Спорт вице-министрінің пікірі
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов кезінде спорт федерациясын басқарған адам ретінде спорттағы допинг проблемасымен жақсы таныс екенін атап өтті.
"Әрине, біз қолданыстағы Кодекстің нормасының сақталғанын қолдаймыз. Мен өз тарапымнан айтарым: біз министрлікте бұл мәселені талқылап, бұл түзетуді кім енгізгенін анықтап, жауапқа тартамыз. Осы орайда осындай олқылықты тапқан депутаттарға алғыс айтқым келеді. Біз жанкүйерлер алдында бетіміз қызарып, ұялмайтын боламыз. Бұл норманы, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдатуға болады", - деді вице-министр.
Нығматулин вице-минстрге неге шүйлікті?
Пікірін аяқасты өзгерткен вице-министр Нығматулинге жақпай қалды. Мәжіліс төрағасы, тіпті, мәдениет және спорт министрлігінің жазаны күшейту туралы өзгерісті жұмыс тобына қашан енгізгенін де айтып берді.
"Миллион теңге алсаңыздар да, жұмыс істемейсіздер" - Нығматулин кімдерге шүйлікті?
"Мына хат, жұмыс тобына кеше ғана түскен. Онда сіздің министрлік жауапкершілікті қамауға алу түріндегі жазаға дейін күшейтуді көрсеткен. Осы залда мәдениет және спорт министрлігінің спорт туралы заң жобасын талқылағанымызға бір ай да болған жоқ. Мен сол кезде бос сөзден нақты іске көшу керектігін айтқан едім. Алайда, өкінішке қарай, еш өзгеріс жоқ. Бір ай бұрын қатаңдату керек десеңіздер, енді келіп, жазаны жеңілдетуді сұрап отырсыздар. "Таза" спорт үшін күрескендеріңіздің түрі осы ма? Бетіміз қызарып, ұялмайтын боламыз дейсіз. Дәл қазір осындай шала жұмыс үшін ұялуыңыз керек", - деді спикер.
Вице-министр Нығматулинің айтқандарымен сөзсіз келісті.
Назарбаевтың тапсырмасын орындамаған шенеунік Нығматулиннен сөз естіді
"Бос сөзді қойып, іске көшіңдер", - деп тапсырды Нығматулин.