НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір — Sputnik. "Қазақстан аруы" ұлттық байқауына Нұр-Сұлтан қаласынан қатысатын Еркеназ Сейфулла "Sputnik Қазақстан таңдауы" арнайы сыйлығына ие болды.
2 мамыр күні елдің ең көрікті аруларының байқауында бақ сынайтын қыздар Sputnik Қазақстан редакциясына келіп, ақпарат агенттігінің жұмысымен танысты.
Қыздар тілшілерден сұхбат алып, жаңалық шығарды. Шығарушы редактор, дизайнер мен фотографтың жұмысымен танысты.
Ауқымды жоба қатысушылары "молния" (бір жолмен берілетін шұғыл ақпарат), "лид" (жаңалықтың алғашқы абзацы) сынды журналистердің кәсіби терминдерімен танысты.
Қыздардың кейбірі БАҚ-та жұмыс істегісі келетіндерін айтып, агенттік қызметкерлерінен қандай университет таңдауға болатынын сұрады.
Қыздар жаңалық жазу мектептегі емтиханға ұқсайтынын айтты. Сұлулар қате жібермей, ұтымды тақырып ойлап табуға тырысты.
"Тақырып қызықсыз болмауы керек",- деді қатысушылардың бірі.
Осынша сұлу қыз бір жерде жиналғанда селфи жасамай кетуге болмас. Арулар компьютердің алдына отырып, бірнеше фото жасап үлгерді.
Sputnik Қазақстан мультимедиалық орталығында қыздар өздерін журналист рөлінде сезініп, "Баспасөз мәслихатында" сұрақтар қойды.
Қыздардың сауалдарына Sputnik Қазақстан шеф редакторы Динара Досмұхаметова мен өкілдіктің баспасөз хатшысы Айгүл Сұлтанова жауап берді.
Қазақстан аруы-2019: көркіне көз тоймайтын хас сұлулардың суреті
Шеберлік сағатынан соң қыздарға тосын сый жасалды. "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Виктор Панов Еркеназ Сейфуллаға "Sputnik Қазақстан таңдауы" арнайы сыйлығын табыстады.
17 жастағы астаналық ару "Россия Сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің Мәскеудегі дизайн орталығында үш күн тағылымдамадан өтеді. Сыйлықты таңдау кезінде Еркеназдың болашақ мамандығы ескерілген.
"Бұл мен үшін күтпеген тосын сый болды. Кәсіби мамандардан шеберлік сағаттарына қатысқаныма қуаныштымын. Мәскеуде алған білімім болашақта маған аса қажет болады деп сенемін. Қазір Қазақ технология және бизнес университетінде "Дизайн",мамандығының екінші курсында оқимын ", - деді "Sputnik Қазақстан таңдауы" атанған қыз.
"Sputnik Қазақстан таңдауы" атағы иегерін редакция қызметкерлері жасырын дауыс беру арқылы таңдады. Қызметкерлердің басым бөлігі Еркеназға дауыс берді", - деді Виктор Панов.
"Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының финалы 2 мамыр күні Nomad city hall театрында өтеді. Биыл шоу тың форматта ұйымдастырылады. Қатысушылардың әрқайсысы өзінің туған өлкесінің табиғаты туралы бейнеролик әзірлеген.
Sputnik Қазақстан - "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының ақпараттық серіктесі.