Саясат

"Ақ жол" партиясынан сайлауға кім түсетіні белгілі болды

© Sputnik / Абзал КалиевКурылтай партии "Ак жол"
Курылтай партии Ак жол - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Ақ жол" демократиялық партиясы алдағы президент сайлауына өз кандидатын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір — Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясынан алдағы президент сайлауына Дания Еспаева түседі. Бұл туралы партияның съезінде белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ақ жол" партиясы атынан президент лауазымына үміткер болуға алты адам ниет білдірген еді. Олардың арасында мәжіліс депутаты Дания Еспаева да болды.

© Sputnik / Абзал Калиев"Ақ жол" партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева
Ақ жол партиясынан сайлауға кім түсетіні белгілі болды - Sputnik Қазақстан
"Ақ жол" партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева

Партия мүшелері кезектен тыс президент сайлауына түсетін кандидатты жасырын дауыс беру жолымен таңдады. Дауыс беруге 190 делегат қатысты.

Дауыс беру нәтижесінде Дания Еспаева (49,5 процент) мен Қазақстан құрылысшылары одағының басшысы, бесінші шақырылымдағы мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев (31,6 процент) көш бастады. Алайда 50 процент дауыс жинаған ешкім болмады. Сондықтан президиум ақылдасып, үміткерді екінші турды өткізбей-ақ таңдау туралы шешім қабылдады.

Осыдан кейін залда отырған делегаттар дауыс берді. Еспаеваны 173 адам қолдап дауыс берді, 15-сі қарсы шықты. Осылайша көпшіліктің даусымен Қазақстан тарихында алғаш рет президент сайлауына әйел адам қатысады.

Партия съезі қалай өтті

Бүгін Нұр-Сұлтанда "Ақ жол" партиясының делегаттары бас қосты. Азат Перуашев "Ақ жол" партиясы алдағы кезектен тыс президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Осы орайда ол "Nur Otan" партиясы атынан алдағы сайлауға түсетін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер болуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Тағы оқыңыз: Бұрынғы парламент депутаты президент сайлауына түседі

13 сәуірде өткен "Ақ жол" партиясы орталық кеңесінің пленумы кезектен тыс президент сайлауына түсетін кандидатты таңдай аламаған еді. Себебі партия атынан алты бірдей үміткер президент тағына таласып көрмек. Бүгін сол 6 кандидат делегаттар алдында сөз сөйлеп, егер сайлауда жеңіске жете қалса, қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертетінін айтты. Залда отырғандардың сұрақтарына жауап берді.

Президенттікке үміткер болғысы келгендердің арасында мәжіліс депутаты Дания Еспаева да бар. Айта кетсек, Қазақстан тарихында алғаш рет әйел адам президенттікке үміткер болды. Депутат ел тізгінін қолына ұстай қалса, ұлттық қордағы ақшаны оңды-солды шашуды тоқтатып, көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуге уәде берді.

Сондай-ақ, алдағы додаға СҚО-дан партия мүшесі Евгений Кинцель де түскісі келген еді.

"Егер мен президент болсам, осы залда отырғандардың бәрі жақсы өмір сүретін болады", - деді ол.

Үшінші үміткер – Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, бизнесмен Асан Қошмамбетов. Ол бірден сұрақ-жауап форматына көшуді өтінді.

Төртінші кандидат – Қазақстан құрылысшылары одағының басшысы, бесінші шақырылымдағы мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев. Бұл үміткер Норвегияның тәжірибесіне сүйеніп, жер қойнауындағы байлықты халыққа беруді ұсынды.

Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахимбердин де "Ақ жол" партиясының атынан сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірді. Бірақ, бір ауыз қазақша сөйлемеген ол мемлекеттік тілге арналған емтихан туралы ұмытып кеткен сияқты. Қазақ тілін жетік меңгермегенін өзі де мойындады.

Алтыншы, соңғы кандидат – атыраулық Серік Ерубаев. Ерубаев ауыл тұрғындарының мәселесімен жақсы таныс екенін айтып, балаларды балабақшада тек қана қазақ тілінде оқыту керектігін айтты.

Партия мүшелері алдағы сайлауға қатысатын үміткерді анықтау үшін жасырын дауыс берді.

Сайлау - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Белгілі жазушы бірінші болып президенттікке кандидатурасын ұсынды

Көпшіліктің даусымен кезектен тыс президент сайлауына депутат Дания Еспаева түсетін болды.

Дания Еспаева президенттікке ұсынылып отырған төртінші кандидат. 

Ол әртүрлі жылдары "Әлем банк" Ақтөбе облыстың басқармасы кредит бөлімінің бас маманы, несиелеу бөлімі басшысының орынбасары, "БТА банк" АҚ корпоративтік бизнес жөніндегі директордың орынбасары,  "БТК Банк" АҚ Ақтөбе филиалының директоры, "Қазкоммерцбанк" АҚ Ақтөбе филиалының директоры қызметтерін атқарды.

2016 жылдың наурызынан бері – мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

Банк жүйесінде 1982 жылдан бері жұмыс істеген, бұл саладағы жалпы еңбек өтілі 34 жылды құрайды.

Қазақстан президенттігіне үміткерлер

Айта кетсек, бірінші болып "Ұлы Дала қырандары" республикалық қозғалысы президентікке жазушы, журналист Сәдібек Түгелдің кандидатурасын ұсынған болатын. 23 сәуірде өткен "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XIX съезінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік партиясы атынан сайлауға түсетіні белгілі болды.

Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан экс-депутат, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов бағын сынап көрмек. 

Кезектен тыс президент сайлауы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар Назарбаевқа сайлауға түсуін сұрап хат жазып жатыр

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.

Кандидаттарға қойылатын талаптар

Президенттікке кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы болуы тиіс. 

Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс.

Сондай-ақ, Қазақстан президенттігіне кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі.

Жаңалықтар
0