ТАЛДЫҚОРҒАН, 19 сәуір – Sputnik. Алматы облысында тәртіп сақшылары адамдарға шабуыл жасаған сиырды атып тастады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
18 сәуір күні Қайназар ауылында жергілікті полицейлер сиырдың әйелге шабуыл жасағанын көрген. Мал қорадан шығып, көшеде кетіп бара жатқан ауыл тұрғынын мүйізімен көтеріп, лақтырып жіберген.
Петропавлда полицейлер өз иесін қапқан алабайды атып өлтіруге мәжбүр болды
Тәртіп сақшылары зардап шегушіні медициналық пунктке жіберіп, сиырды сабасына түсірмек болады.
Кейін полиция малдың иесі сиырды соймақ болған кезде оның қашып кеткенін анықтайды.
Осыдан соң мал көшедегі адамдарға шабуыл жасаған. Оның арасында балалар да бар.
"Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарына шабуыл жасап, екі көлікке зақым келтірген малды далаға айдаған", - деп жазылған хабарламада.
Кейін полиция сиыр адамдарға қауіп төндіретін болғандықтан, оның иесінің рұқсатымен жануарды атып тастаған.
Зардап шеккен әйел ауыр жарақат алмаған. Оны дәрігерлер үйіне жіберген.
Сиырдың иесі құзырлы органға түсініктеме жазған. Полицейлер оларға малды арнайы орында союға кеңес берді.
Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға орнына аудандық ветеринар қызметінің мамандары келіп, сиырды тексергенін хабарлады. Олар үй жануарынан құтыру ауруының белгілерін таппаған.