НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. 28 жастағы жетісайлық әйелдің өгей қыздарын азаптау тәсілдерін дәптерге жазып отырғаны белгілі болды.
Дәл қазіргі уақытта үш жасөспірім ауруханада жатыр. Қатты психологиялық қысымға ұшыраған қыздар үрейленіп қалған. Көрген қорлықтарын ашып айтуға да қорқады, деп жазады otyrar.kz
Өгей шеше арнайы дәптерге қыздарды қалай азаптағанын жазып отырған. Ол қыздарды қысқыш, пышақ, оқтау, инемен қинаған. Ал шәйлеріне ыдыс жуатын гель қосып береді екен. Аяқтарын ыстық суға малған. "Әкелерің келгенде күліп тұрыңдар" деген қатаң тапсырмасы да болыпты.
Туыстарының айтуынша, қыздардың туған анасы бес жыл бұрын отбасынан кетіп қалған, содан бері балаларын іздеп келмеген. Отағасы екінші әйелімен үш жылдан бері тұрып жатыр.
Мұндай азапқа қыздар "әкеміз тағы да ауырып қалмаса екен" деген ниетпен төзіп жүріпті. Әкелері қыздардың анасымен ажырасқанда инсульт алып, қатты ауырған екен. Әкелерінің қиналғанын көрген қыздар тағы да осы жағдайдың қайталанбауы үшін төзіп баққан. Адамға тән емес айуан әрекетке барған өгей шеше қыздарды "түрмеге түссем де, қайтып келген соң естеріңнен кетпейтіндей етіп, кек аламын" деп қорқытады екен.
Тағы оқыңыз: Мас әйел көлікпен 17 жастағы қыздарды екі рет басып өтті – видео
Өгей ананың не үшін мұндай қорлық көрсеткені жұмбақ күйінде қалып тұр. Қамауға алынған оның 1 жас 7 айлық ұлы бар. Одан бөлек, екінші балаға жүкті екен. Өзі ана бола тұра, өгей қыздарына күн көрсетпеген оның бұл қылығын туыстары да түсіне алмай әлек. Әбден ашынған қыздардың туыстары "өгей шеше қатаң жазасын алсын" деп отыр.
Полицияның хабарлауынша, бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті әйел қамауға алынды.