АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik. Қаласа қосылып, қаламаса талақ айтып кете баратын деструктивті діни ағымдардың ықпалындағы жігіттердің құрбаны, бес рет күйеуге тиген Ақбота "Пендеміз ғой" бағдарламасына қатысып, басынан өткенін баяндады.
Ақбота алғаш рет оқып жүрген оқуын тастап, 17 жасында тұрмысқа шығады. Алайда, арада бала болмаған соң, ерлі-зайыпты ажырасып тынған. Бір жылдан кейінгі келесі некесі де көпке созылмапты. Бірақ, екінші күйеуінен бір қызы бар екен. Екі сәтсіз некеден соң, Ақбота дін жолына түсуді ойлап, осы бағыттағы жігітке күйеуге тиюді арман етеді. Ол арманы орындалып, әлеуметтік желі арқылы діндар жігітпен танысып, оған тұрмысқа да шығады. Алайда діни шектеу Ақботаның жеке кеңістігін тарылтып, әбден берекесін қашырған.
"Жеті шелпек пісірме, теледидар көрме деді"
"Күйеуге тиген соң уақыт өте келе ол кісі қатты өзгерді. Діни жағынан. Балағы қысқарды, сақалын өсірді. Маған толықтай жабық киін деді. Жеті шелпек пісірме, теледидар көрме деді, ақыры ішіп-жеген тамағымызға дейін тексеріп-зерттейтін болды.
Тағы оқыңыз: "Құдай халықтың ақшасына зәру". Қарағандылық қыз өзін арбамақ болғандар туралы айтты
Мен кейбір шартына қарсы шықтым. Сондай бір кезде қатты ұрсысып, жағымнан тартып жіберді. Жерге ұшып түстім. Сол кезде ол кісі: "Сен маған лайық жар емессің, талақ" деп үш рет айтты да кетіп қалды", - дейді Ақбота.
Үшінші жұбайынан бала болмапты.
Төртінші рет Ақбота отынын түсіріп берген діндар жігітке тұрмысқа шыққан. Ол кісіден екі бала туған. Екі баладан соң, ол да қатты өзгеріп кетіпті. Тағы да шектеулерге ұрынған. Арада кикілжің көбейе берген соң, әйел үш баланы Шымкенттегі әке-шешесіне апарып тастайды. Ал үйіне қайта оралғанда ұрыс қайта басталған.
"Біз ұрсысып жатқанымызда, он шақты еркек топырлап үстімізге кіріп келді. Барлығының балағы келте. Арасында жасы да, үлкені де бар. Солардың көзінше үш рет "талақ" деп айтты. Содан "Мен сенімен ажырастым, бәрі бітті, енді мына кісіге сені сыйлаймын" деп біреуді сұқ саусағымен көрсетті. Ол шашы ағарған үлкен кісі екен", - дейді келіншек.
Әрине, Ақбота күйеуінің бұл әрекетіне қарсылық танытқан. Бірақ, әлгі жиналған қауым келіншекті қаумалап, жан-жақтан ақыл айтқан болады. Тіпті "Өз бетіңмен кетсең, балаң да харам, өзің де харам боласың. Бәрібір тауып алып, жазаңды береміз" деп қорқытып-үркітіп те көреді. Ақыры көнбеген соң, күшке салып, сол арадан Ақботаны "сыйлады" деген адам алып кетеді.
"Ол кісі мені құл секілді ұстады. Тамақ дайын болмаған кезде, тепкіледі. Оның үстіне сөзбен де тұқырды. Одан қатты қорықтым. Екі-үш адам үйде. Мені көздерінен таса қылмады. Сондықтан полицияға шағымданбадым. Менің қателігім сол болды. Төрт жыл бірге тұрдым. Одан үш бала тудым", - дейді алты баланың анасы қорқынышты күндерін еске алып.
Қазір бұл адам сыбайластарымен сотталған, түрмеде отыр екен. "Ол түрмеден босаған соң, менің күнім не болады" деген қорқынышпен өмір сүріп жатқан келіншек бағдарламаға көмек сұрап келіпті.
"Маған телефон ұстатпайтын. Бір күні сыртқа шыққанда, телефоны үстел үстінде қалып кетіпті. Соны пайдаланып, шешеме хабарластым. Құтқарыңдар деп айтып үлгердім. Барлық байланысты қосып, әке-шешем мені сол қапастан алып шықты. Ал ана еркектердің барлығы сыбайлас ретінде ұсталып, сотталды. Қазір қорқып жүрмін. Түрмеден босап, мені өлтіріп кетпей ме деп", - дейді Ақбота.
"Еркектер еліріп, әйеліне мінез көрсетеді"
Бағдарлама барысында дінтанушы Кеңшілік Тышқан ер адамның әйелдерге қатысты тыйымдарды қай жерден үйреніп келетінін айтты.
Тағы оқыңыз: "Жеңімнен жұлқылады": белгісіз ұшатын нысанды көрген алматылық жігіттің әңгімесі
"Кез келген дін өкілінің қауымы, жамағаты болады. Олар бас қосып, ұстаздарын тыңдайды, өздерінің білмегендерін сұрайды. Осындай жиында, мәселен, діндегі әйелдің рөлі талқыланады. Әр діни бағыттың өз идеологиясы бар. Мәселен, бір жерде айтады: "Шариғат бойынша әйелдің құқығы жоқ. Оны қазірден қатты ұста, керек болса үстіне әйел ал" дейді. Осыны естіп алған еркек еліріп, үйінде әйеліне мінез көрсетеді", - дейді ол.
"Шариғатта отбасын бүлдіру, баланы жетім ету – үлкен күнә. Бұл адами-моральдық тұрғыда дұрыс емес нәрсе. Ал оны олар ойлап жүрген жоқ. Басы істесе, мұным қалай деп бір уақ ойланбай ма? Басы істемейді, ақылы жоқ.
Нәпсіқұмарлығын, қызығушылығын қанағаттандыру үшін шариғаттың нормаларын өзіне бейімдеп алған басбұзарлар олар. Басқалай не деп айтуға болады", - дейді дінтанушы.
"Теріс діни бағытқа түсетіндер - сауатсыз нәпсіқұмар жандар"
Ал әлеуметтанушы Қамажан Жұмақасова мұның бәрі құқықтық, діни сауатсыздықтан туындап, қоғамда кеңінен етек алып бара жатқан үлкен індет екенін айтты.
Тағы оқыңыз: "Денемнің қасына барып жаттым": Екі рет өліп-тірілген алматылық келіншектің әңгімесі
"Әке-шеше баласынан жамандық күтпейді. Сондықтан оның барлық әрекетін дұрыс деп бағалайды. Қара жамылса, таңдаған діні ғой дейді. Ал діндар еркек әйеліне неге теледидар көрсетпейді? Өйткені теледидар заңды, құқықты, біздің қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды насихаттайды. Біздің елде ешкімнің құқығы шектелмеуі керек. Адамдар осыны дұрыс түсінуі тиіс. Ал мынадай жағдайға тап болғанда, бірден айқайға көшу керек. Әйтпесе бәрі кеш болады", - деп кеңес берді ол.