НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтан орталығынан ипотекаға пәтер рәсімдеген тұрғындар баспанасына кіріп-шыға алмай жүр.
Нысан 2018 жылы тапсырылуы керек болған. Бірақ кешеннің құрылысы әлі бітпеген. Баспанаға "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы "Самұрық-Қазына"жылжымайтын мүлік қоры ақша бөлген, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Подъезд лас, кіру мүмкін емес, қырыңмен жүресің. Лифтің есігі жабылмайды. Лифтен шығу үшің өзің итеруің керек. Аулада баланы ойнатайық десек, қараңыз, мынандай қоқыс", - деп ашуланды "Самұрық towers" тұрғын үй кешені тұрғыны Анар Романова.
Құрылыс кәсіпорны үйді биыл мамыр айында бітіріп береміз деп уәде берген. Алайда, тұрғындар осымен төрт рет шегерілген мерзімді күтпей, пәтерлерге қоныстанып алған. Кейбіреулер тіпті келісім-шартты бір жақты бұзып, баспанадан бас тартқан.
"15-ші үй осы айдың аяғына дейін тапсырылады. Онда үстіңгі қабаттарда пәтерлер дайын. Астыңғы 12-қабаттан төмен қарай екінші қабатқа дейін пәтерлер 80-90 пайызға дайын. Кейбір пәтерлерде ламинат қана жоқ, ламинат болса, плинтус жоқ. Олар 1-2 апта көлемінде жасалып бітетін жұмыстар", - дейді "TM ENGINEERING GROUP" ЖШС бас директоры Алмас Жолдықұлов.
Арқаны кеңге салып, еркін өмір сүру қазіргі бұл үйдің тұрғындарына бұйырмай тұр. Халық мердігерлер уәде еткен мерзімді де күтуге әзір. Ол күнге дейін астаң-кестеңі шыққан үйдің аймағында біреу мертігіп қала ма деген үрей басым.