АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. 23 жастағы тараздық Лаура Оңғар әлеуметтік желіде атынан аккаунт ашып, өзін жезөкше қып көрсеткендерді жазаға тартуға көмектесуді сұрайды.
"Астарлы ақиқат" бағдарламасына келген Лаура қаралаушылардың жеке аккаунт ашып қана қоймай, телефон нөмірін жезөкшелер сайтында жариялағанын, тіпті күйеуінен ажырасуды талап етіп, қорқытып-үркіткенін айтады. Бұл аз болғандай, жезөкшелер сайтындағы жалған аккаунтты Лаураның және оның күйеуінің барлық туған-туыстарына жаппай таратып, үлкен шу шығарған.
"Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Тіпті, далаға шығуға ұялатын болдым. Неше түрлі еркектер қоңырау шалады. 5000, 4000, кейде 3000 теңге ұсынады. Олардың бәріне фейк аккаунт екенін, нөмірімді таратып отырған басқа біреу екенін айтамын. Бірақ оны олар түсінбейді. 4 рет нөмірімді ауыстырдым. Бірақ бәрібір бөтен еркектер хабарласа береді", - дейді ол.
Мұның бәрі Лаура тұрмысқа шыққан күннен басталыпты. Ол күйеуге тиген соң телефонына беймәлім нөмірден хабарлама келген. "Шерхан екіқабат қызды тастап, саған үйленіп жатыр" деген секілді. Ол алдымен жігіттің достарына келген, ақырында қалыңдыққа, тіпті қыздың ағасына да жетіпті.
"Барлығы күйеуімді ортаға алып, жан-жақтан сұрауға алды. Ол ешқандай қызды танымайтынын айтып, шыр-пыр болды. Мен қызды кездесуге шақырдым. Бірақ келмей қойды. Бар айтатыны, мені Шерхан тастап кетті, енді мен сені жезөкше етем деп. Онысын істеді де. Енді шешеңді жезөкше қылам деп қоқан-лоқы көрсетіп жүр", - дейді ол.
Бағдарламаға арнайы келген Лаураның әпкесі Ақнұр Оңғар ІТ мамандарын жалдағанын да айтты.
Бағдарлама соңында жүргізуші өздерінің жүргізген тәуелсіз зерттеуін жариялады. Сөйтіп Лаураға қоқан-лоқы түсетін компьютердің ІР адресі 2018 жылдың 28 шілдесінде Түркістанда тіркелгені, сол секілді телефон нөмірі анықталды. Ол күдікті болғандықтан аты-жөні бағдарлама барысында жария етілмеді. Бірақ бұл дерек Лаураның қолына ұстатылды. Ал ол мұндай адамды мүлде танымайтынын айтты. Алайда жаладан жаппа шеккен жас келіншек, ең құрымағанда, бір іліктің қолына тигеніне қатты қуанып тұрғанын жеткізді.
"Осыған қол жеткізе алмай, міне бір жыл сандалдық қой. Әбден шаршадық, рақмет сіздерге. Енді осы дәлелмен тағы сотқа шағымданамын", - деп көзіне жас алды.