НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Эстония астанасы Таллинді Қызылорда қаласының тумасы басқарады.
Бейсенбі күні Таллин қалалық жиналысында кезектен тыс сессия өтіп, онда шаһардың жаңа мэрі сайланды, деп хабарлады Sputnik Эстония.
Михаил Кылвартқа 45 депутат жақтап дауыс берген. Мэр атану үшін кем дегенде 40 дауыс жинау керек екен. Дауыс беруге қалалық парламенттегі 79 депутаттың 70-і қатысқан.
Айта кетейік, Михаил Кылварт Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол эстониялықтардың арасында орыс тілінде білім беру үрдісін жақтаушы ретінде танымал. Сонымен қатар жаңа мэр – Эстонияда спортты дамытуды қолдаушылардың бірі.
2010 жылы Кылварт орыс мектептері кеңесі ұйымының мүшесі атанған. Аталған ұйым Эстонияда орыс тілінде білім беру үрдісін сақтауды жақтайды.
Сондай-ақ 2011 жылы Қазақстан тумасы Таллин қаласының вице-мэрі қызметіне тағайындалған. Ол жастар мәселесі, спорт, мәдениет, интеграция және білім беру саласына жауапты болған.
Сонымен қатар Кылварт Эстонияда тхэквондо ұйымының негізін қалаушы, әрі басшысы болып саналады.