НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Конституцияның 41-бабы 3-1-тармағына сәйкес қаулы етті.
Құжатта жазылғандай, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді. Кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу Орталық сайлау комиссиясына жүктелді.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Қазақстан үкіметіне кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасап, дұрыстығын қамтамасыз етуі тиіс әрі орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсететін болады.
Бұл жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.