Өңірлер

"Баласын таспен ұрып, комаға түсірді": алматылық әкенің ісі сотта қаралды

© Photo : Рixabay/TatlinБаланың қолы
Баланың қолы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алқабилер сотын құруды сұраған айыпталушы тараптың өтініші қанағаттандырылды

АЛМАТЫ, 8 сәуір – Sputnik. Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында "өз ұлын басынан таспен ұрып, ағаштың түбіне тастап кетті" деп айыпталған алматылық Мұрат Асқар-оғлының ісі қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жедел жәрдем, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Алматыда "көлік қаққан" баланы әкесі таспен ұрған болып шықты

Айыпталушы тарап өз ісін алқабилер сотына табыстауды сұрады. Айыпталушының адвокаты Нұрлан Өстеміровтің айтуынша, алқабилерді іріктеп, жинауға кемінде екі апта кетеді.

"Сот айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырды. Ол сот ісі аяқталғанша қамауда қала береді. Ал келесі сот отырысы 23 сәуірге белгіленді," - деді тараптардың сөз жарысын тыңдап, қорытындылаған судья Еркін Майшин.

Алғашқы болжам: "Көлік қағып кеткен..."

Еске сала кетсек, бұл оқиға 2018 жылдың 16 шілдесінде болды. Ол кезде әлеуметтік желілер арқылы ағаштың түбінде үсті-басы қан-қан, бетін киіммен жапқан баланың видеосы тараған еді. Бала сағатына 80 шақырым жылдамдықпен көліктер жүйткіп жатқан шығыс айналма жолының бойынан табылды. Бастапқыда, оны көлікпен қағып кетті деген болжам жасалды. Жұрт қорыққан жүргізуші баланы тал түбіне жатқызып, бетін жауып қашып кетті деп шулады. Алайда жағдай мүлдем басқаша өрби бастады...

Тағы оқыңыз: "Көлік қаққан" баланы әкесі таспен ұрған

Егер сол маңдағы үй иесі баланың ыңырсыған даусын естіп, көшеге шықпаса, Мұхаммед аман қалмас еді. Олеся Лупац бірден жедел жәрдем шақырым, жаралы баламен бірге ауруханаға барған.

Ал бұл кезде баланың әкесі жұмыста болыпты. Ол әріптестерінің бәрі телефонға үңіле қарағанын байқап қалады. Желідегі видеоны көргенде, өзінің кенже баласын таныған ер адам талып қалыпты.

Тосын мәлімдеме елдің жағасын ұстатты

Мұхаммед бірнеше тәулік комада болды. Ең білікті хирург-дәрігерлер ота жасаған. 8 күннен кейін бала жансақтау бөлімінен палатаға көшіріледі. Бұл кезде баланың туыстары сотқа дейінгі тергеу ісі баяу жүріп жатыр деп, қатты қамықты. "Мұны ішіп алып, мен жасағанмын" деген әкенің тосын мәлімдемесі жазылған видео елді дүр сілкінтті.

Алматы қалалық полиция департаменті 1 тамызда қылмысын мойындаған адамның видеосын таратады. Бірақ оған ешкім сенбеді. Әсіресе, баланың әкесін танитындар бұл жаңалыққа сенуден бас тартты.

Өйткені бәрі оның дінге берілген адам екенін жақсы білетін.

"Маған қысым көрсетті": баланың әкесі өз сөзінен бас тартты

1 тамыз күні Мұратты тергеушілер оқиға орнына әкелетінін білген жұртшылық жинала бастады.  Олар, тіпті, жолды жабуға тырысқан. Полиция көлігінде болған Мұратқа қалың қауым лап қойып, терезесін қағып: "Мұны істеген сен бе?" деп сұрайды. Ол тек басын шайқаумен болған. Бұл жолы тергеу жүргізу мүмкін болмай, оны полицейлер кері алып кетеді.

Мұрат кейіннен полицияға берген жауабынан бас тартты. Ол қысым жасалған соң, солай айтуға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Баласын қолынан ұстап бара жатқан видеоны: "Бұл - дәстүрлі әдет. Балам мені жұмысқа кетерде аялдамаға дейін осылай үнемі шығарып салады",- деп түсіндірді.

Дәрігерлер сараптамасы да "таспен ұрып жарақаттадым" деген сөздің ақылға қонымсыз екенін анықтады.

"Кеудесінде, екі иығының астында, тізелерінде көптеген жарақат тіркелді. Аяғы да қатты зақымданған. Кеудесінен де соққы алғаны анықталды. ІІ, ІІІ дәрежелі травматикалық шок. ІІІ дәрежелі кома", делінген дәрігер анықтамасында.

Жол талғамайтын қара көлік видеосы сотта дәлел бола ала ма?

20 желтоқсанда іс сотқа өткізілді. Бірақ ол бірден тергеушілерге кері қайтарылған. Алдын-ала сот тыңдалымы тек 8 сәуір күні өтті. Мұрат Асқар-оғлыға "Дәрменсіз жағдайдағы адамды өлтірмек болды" деген бап бойынша айып тағылған. Ол 25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұраттың адвокаты бастапқы кездегі жол апатына қатысты болжам дұрыс деп санайды. Нұрлан Өстеміров бала табылғанға дейін кішкентай көшеге кіріп-шыққан жол талғамайтын қара көліктің видеосын тапқан. Ол бұл видеоны сотқа дәлел ретінде ұсынды. Бала  сол көлік шыққан жерден табылған.

Куәгер сотқа келуден бас тартты

Жол-көлік оқиғасын сол маңда тұратын 16 жасар қыз да көрген. Бірақ ол сотта куәгер болудан бас тартқан.

Ал 5 жасар Мұхаммед болса, ауыр отадан шығып, оңалтудың екі курсынан өткен.

Балалар психологы  Мұхаммедті сөзге тартқанда, ол әкесі туралы тек жақсы сөздер айтыпты. Маман бала тұратын үйде күш көрсетілмейді деген қорытынды шығарған.

Жаңалықтар
0