НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Жансұлтан Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне келді. Бұл туралы елорда ауданы әкімдігінің сайтында жазылған.
Мәліметке сүйенсек, Жансұлтан Сапарбаев 2019 жылдың 14 наурызынан бастап жаңа қызмет атқарып келеді. Ол ішкі саясат, әлеуметтік сала және кәсіпкерлік мәселелеріне басшылық етеді.
Жансұлтан Сапарбаев туралы не білеіміз
Жансұлтан Бердікбекұлы Сапарбаев 1991 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша бітірді, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесі бар.
2012-2014 жылдары "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-де әртүрлі лауазымдарды иеленген.
2015 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі – хатшылық басшысы болып тағайындалды.
2016 жылы "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ басқарушы директоры болған.
Мемлекеттік қызметтегі мансабын 2016 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрінің кеңесшісі болып бастады.
2017 жылы ұлттық экономика министрлігі өңірлерді сараптау және бағалау департаменті өңіраралық ынтымақтастық басқармасының басшысы болған.
2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратын басқарды.
Жансұлтан Сапарбаев - Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың ұлы.
Бірнеше жыл бұрын Жансұлтан Сапарбаевтың Ferrari рөлінде түскен суреті жұртты біраз шулатты. Бердібек Сапарбаев бұл фото Түркияда түсірілген деп түсіндірген болатын. Жас қазақстандық автоның иесінен рөлге отырып суретке түсуді өтінген екен. Бердібек Сапарбаевтың өзі айтқандай, баласына мұндай қымбат көлік айдауға рұқсат бермес еді.