НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір — Sputnik. АҚШ-тың Флорида штатындағы Пунта-Горда қаласында жас жұбайлар үйлену тойын көліктер жарысын өткізуге арналған батпақ жолда өткізді, деп жазады Fox News.
Джереми мен Ариэль Биддл көпшілікке реднектер деген атпен белгілі америкалық фермерлердің дәстүріне сай өткізуді жөн көрген екен. Реднектер – өздерін еркін ұстайтын, ешқандай әдеп нормаларын сақтамайтын халық. Күйеу жігіт тойға джинсы комбинизон киіпті, ал қалыңдық ақ бикини киіп, басына фата таққан.
Некелесу рәсімі пикаптың үстінде өтіп, жас жұбайлар бір-біріне серт берді. Содан соң Джереми Ариэльді көтеріп алып, жолға апарды да, батпаққа батырып, өзі де қасына жатты. Үйлену тойына жиналған қонақтар болса қыран-топан күліп жатыр.