Sputnik Қазақстанның "Әңгімең жарасса" жобасына берген сұхбатында ол лауазымды қызметтен кейінгі өмірі мен бүгінгі қоғамды толғандырған өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Қазір қазақ қоғамында сыртта жүріп ел арасына іріткі салушылар аз емес. Амалбек Қозыбақұлы олармен күресу үшін мықты идеология қажет екенін атап өтті.
Бұдан өзге Амалбек Қозыбақұлы үлкен саясатқа оралу туралы сауалға жауап берді. Ел ағасы саясаттан әлі алыстамағанын және қоғамдағы үдерістерге байланысты жеке пікірі барын айтып өтті.
"Саясатқа кірген адам, одан шыға алмайды ғой. Әлбетте, әр азаматтың өзінің пікірі болады. Менің де бүгінгі болып жатқан жағдайға қатысты пікірім бар. Қазіргі жасалып жатқан іс-шараларға айтатын сөзім жеткілікті. Ол дегеніміз көшеге шығып алып, айқайлай беру емес қой. Егер кемшілік болса, кемшілік деп, жақсы нәрсені жақсы деп айту ол әрқайсысымыздың борышымыз", - дейді ол.
Кезінде депутат болған Амалбек Тышанов халық қалаулыларын сайлауға қатысты да пікірін ортаға салды.
"Депутаттарды қазір депутаттар сайлайды. Ол қалай депутат болғанын ешкім білмейді. Қазір депуттат болудың жолдары көп қой, оны мен біле бермеймін. Негізі халық сайласа, халықтың алдында жауапкершілігі болады. Осындай қызмет істеймін, осындай жұмыс жасаймын деп уәде беріп, ертең соны жасамай қойсаң, халықтың қалай көзіне қарайсың?".
Сонымен қатар, Амалбек Тышанов қазіргі қоғамдағы жоғары қызметте отырғанда ғана бағалап, құрметтейтін жағдайға өкініш білдірді.
"Шымкент қаласы әкімі қызметінен кеткен соң 4 ай, ал Жамбыл облысы әкімі қызметінен кейін бір жыл тоғыз ай жұмыссыз отырдым. Ешкімге керек емессің, ағайын да, дос та ұмытады ол кезде. Біз барлығымыз батырдың ұрпағымыз ғой, батырдан жақсы, таза, өз сөзіне берік ұрпақ дүниеге келмей ме? Ал, бізде қызметте болсаңыз, сіздің айналаңыздан бауыңызды байлатын адамдар да, арқаңызды ысатын адамдар да табылады. Сіз қалай қызметтен кеттіңіз, сізді танымайды", - деп қынжылды бұрынғы шенеунік.
Бұдан бөлек, Амалбек Тышановтың Жамбыл облысы әкімі болған кездегі батыл шешімдері сөз болды. Оның бірі қалаға тарихи атауын қайтару еді. Жамбыл Жабаев Елбасының атасы болғанына қарамастан, қаланың атауын өзгерту идеясын Нұрсұлтан Назарбаевтың бірден қолдағанын айтады.
"Тарихқа қатысы бар азаматтарды зерттеуге жібердім, тарихи деректерді жинағаннан кейін барып, мен Елбасыға хат дайындадым. Бірақ маған "Жамбыл атамыз Елбасының атасы, ол кісі ренжіп жүрмей ме" деген сияқты әңгімелер айтылды. Бірақ мен қағазды алып барған кезде, Нұрсұлтан Әбішұлы тарихты терең білетін адам ретінде "Өте дұрыс, Тараз бен Жаркент қазақтың ең бірінші картасына түскен көне қалалар. Барлық құжатын дайында" деді. Тұңғыш рет Елбасы кабинетінде емес, Қарахан кесенесі қасына шатыр тігіп, далада отырып бірінші рет жарлыққа қол қойды. Меніңше, жарлыққа далада отырып қол қою бірінші және соңғысы болуы керек", - деп еске алды ол.
Бұдан бөлек, Тышанов елдегі білім жүйесіндегі реформаларға қатысты ойын жеткізді. Республикалық спорт колледжінің директоры ретінде ол жас спортшыларға мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанын айтты.
Сұхбат соңында бір кездері жалғыз ұлынан айырылған сәттегі жан күйзелісін айтты.
Амалбек Тышановпен сұхбаттың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.
Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды!