НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Қазақтың халық композиторы, алып күш иесі Балуан Шолақтың өміріне арналған тарихи кинолента 18 сәуірден бастап прокатқа шығады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанның киносын әлемге таныту мақсатында Америкамен келіссөз жүріп жатыр. Біз трейлерді жібердік, фильм оларға қатты ұнаған. Бір-екі күн ішінде субтитрмен ағылшынша нұсқасын жолдаймыз. Сондай-ақ, Дағыстанмен де келісім жасастық. 10 мамырдан бастап Дағыстанның бес қаласында "Балуан Шолақ" фильмі көрсетілетін болды", - деді Әбдіхалықов ОКҚ-де қазақстандық кинематографтың дамуы туралы өткен баспасөз мәслихатында.
Фильм режиссері Нұргелді Садығұловтың айтуынша, түсірілім Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында, Павлодар мен Бурабайда өткен.
"Балуан Шолақ атамыз туралы кітаптардан немесе ауызша жеткен мәліметтер жетерлік. Бірақ, оның бәрін қамтып, бір киноға сыйдыру, өкінішке қарай, мүмкін емес. Сондықтан біз атамыздың өміріндегі жер дауына қатысты эпизодты алдық. Ондағы мақсатымыз Балуан Шолақты тек композитор, не болмаса әнші, палуан ретінде көрсету емес, елі үшін, жері үшін күрескен тұлға ретінде танытуға тырыстық", - деді Садығұлов.
Фильмде әйгілі палуанды белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров сомдаған.
"Балуан Шолақ" фильмі толығымен мемлекеттің қаражатына түсірілген.