НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің елордада өтетін концертіне билеттердің басым бөлігі сатылып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Qazaqstan телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин мәлім етті.
"18 наурызда Димаштың концертіне билеттер сатыла бастады. Көрермендер тарапынан қызығушылық жоғары. Билеттер сатылымға шыққан бір күннің ішінде 30%, бір аптадан соң 48% сатылып кетті. Осы күнге дейін билеттердің 70%-ы сатылды. Нақтырақ айтсақ, 15 мың билет өтті", - деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Қарин атап өткендей, түрлі елдердегі Димаштың фанаттары билеттерді жанталаса сатып алып жатыр. Оның айтуынша, 16 елден, тіпті Африка құрлығынан да билетті сатып алушылар болыпты.
"Билеттерді сатып алушылардың географиялық ауқымы кең. Біз оған таңғалған жоқпын. Оған дайын болдық. Концертке дайындықты бастамас бұрын Димаштың фан топтарымен байланыста болдық. Қазіргі уақытта билеттер Қазақстан, Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Нидерланды, Румыния, Польша, Түркияға сатылды. Ең алыс елдерден Канада, Австралия, Бразилия, Мексика, Африка құрлығының да мемлекеттері бар", - деді төраға.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай Qazaqstan телеарнасының шығармашылық ұжымымен бірлесіп, елордада жеке концерт береді. "Арнау" атты ән кеші "Астана-Арена" стадионында 29 маусымда өтеді.
Димаш неге өзін Майкл Джексондай сезінеді - эксклюзивті сұхбат
2017 жылы Димаштың алғашқы "Бастау" концерті елордада өткен болатын.